Қазақстан 2035 жылға дейін транзиттік тасымал көлемін жылына 100 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту, халықаралық дәліздердің өткізу қабілетін арттыру және логистика саласын цифрландыру жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Соңғы жылдардағы көрсеткіштер бұл бағытта ілгерілеу бар екенін көрсетеді. Соңғы жеті жылда 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделген. Ал бес жылда 5 мың шақырым теміржол салынды және жаңғыртылды.
2025 жылы Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк көлемі 18 пайызға өсіп, 39,1 млн тоннаға жеткен. Биылғы тоғыз айда көлік саласының өсімі 7,2 пайызды, ал транзиттік жүк көлемінің өсімі 13,1 пайызды құраған.
Теңіз порттарының мүмкіндігі артады
Транзиттік тасымал көлемін ұлғайту үшін Қазақстан көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. 2035 жылға қарай теңіз порттарының өткізу қабілетін төрт есе арттырып, флоттың қуатын бес есе көбейту көзделген.
Сонымен қатар «Шығыс – Батыс», «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздері мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық берілмек.
Бұл ретте инфрақұрылым салумен қатар, логистикалық процестерді цифрландыру, шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету және жүкті жеткізу уақытын қысқарту маңызды. Негізгі мақсат – Қазақстанға келетін, одан шығатын және ел аумағы арқылы өтетін жүктердің қозғалысын жеделдету.
Транзит Қазақстан экономикасына не береді?
Транзиттік тасымалдан түсетін пайда тек шетелдік жүктерді тасымалдағаны үшін алынатын төлеммен шектелмейді. Жүк ағынының артуы теміржол, теңіз порттары, логистикалық компаниялар, қоймалар мен сервистік кәсіпорындардың жұмысына да серпін береді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инвестиция тартуға және көлік дәліздерінің бойында өндіріс орындарының дамуына мүмкіндік туғызады.
Еуропа мен Азияның ірі нарықтарының арасындағы географиялық орналасуын тиімді пайдалану Қазақстанға транзиттік әлеуетін экономикалық өсімнің тұрақты көзіне айналдыруға жол ашады.
2035 жылға қарай транзиттік тасымал көлемін 100 млн тоннаға жеткізу жоспары орындалса, Қазақстанның Еуразиядағы маңызды көлік-логистика орталығы ретіндегі орны нығайып, ел экономикасына түсетін пайда да арта түсуі мүмкін.