"Алматы Су" қала тұрғындарын су және кәріз қызметі үшін төлемді кешіктірмеуге шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматыда тұрғындардың сумен жабдықтау және кәріз қызметтері үшін жалпы берешегі 550 млн теңгеден асқан. Қарызды уақытында өтемеу өсімпұл жиналуына, тіпті су беру тоқтатылуына әкеп соғуы мүмкін.
Кәсіпорын ұсынған мәліметке сәйкес жалпы берешектің 250 миллион теңгеге жуығы көпқабатты үйлердің тұрғындарына тиесілі. Ал жеке сектордағы тұрғындардың қарызы 300 миллион теңгеден асқан.
"Алматы Су" қызметкерлері тұрақты түрде рейдтер жүргізіп, берешегі бар тұрғындардың үйлеріне барады. Оларға қарызды өтеу қажет екені туралы хабарламалар табыстап, төлемді кешіктірудің қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіндіреді.
"Алматы Су" ШЖҚ МКК өкілдерінің сөзінше, су және кәріз қызметтері үшін төлем шоттары ай сайын келесі айдың 15-іне дейін ұсынылады. Төлемді сол айдың 25-іне дейін төлеу қажет. Осы мерзімде төлем жасалмаса, 26-сынан бастап берешек мерзімі өткен қарыз болып есептеліп, оған өсімпұл есептеледі. Соның салдарынан қарыз сомасы біртіндеп ұлғая береді.
Тұрғын берешегін өтемесе, кәсіпорын су беруді шектеуге немесе толық тоқтатуға құқылы. Мұндай шара қолданылғанға дейін күнтізбелік үш күн бұрын тұтынушыға тиісті ескерту беріледі. Бұл шаралар заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Берешек ұзақ уақыт бойы өтелмесе, "Алматы Су" қарызды өндіріп алу үшін нотариусқа немесе сотқа жүгіне алады.