Қызылордада жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Жүргізуші бес айлық сәбиі бар әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Салдарынан нәресте көз жұмып, анасы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция мәліметінше, қайғылы жағдай 14 қазан күні кешкі уақытта Құлтекенов көшесінде болған. Mitsubishi Lancer маркалы автокөліктің жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келе жатып, бес айлық баласымен көшеден өтіп бара жатқан 26 жастағы әйелді қаққан.
Жол апатынан зардап шеккен ана мен бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер ауыр жарақат алған нәрестенің өмірін сақтап қала алмады.
Қазіргі уақытта сәбидің анасы жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр екені хабарланды.
Ал екі адамды қағып, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізушіге іздеу жарияланған. Құқық қорғау органдары күдіктінің тұрғылықты мекенжайын анықтаған.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.