Оқу қымбат, жұмыс жоқ: Албанияда студенттер бас көтерді

Оқу қымбат, жұмыс жоқ: Албанияда студенттер бас көтерді
Euronews

Албания астанасы Тиранада наразылық білдірушілер мен полиция қызметкерлері үшінші күн қатарынан қақтығысып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бейсенбіде наразылыққа шыққан студенттер мен олардың жақтастары Экономика министрлігінің ғимаратына басып кіріп, ішін қиратқан. Albanian Daily News мәліметінше, Тирана көшелерінде тәртіпсіздіктер 10 сағатқа созылғаннан кейін наразылар Экономика министрлігінің ғимаратына кірген. Олар ішіндегі жиһаз бен жабдықтарды, соның ішінде принтерлерді сыртқа шығара бастаған.

Орталық сайлау комиссиясының кеңсесі де бүлінді. Биліктегі партияның кеңсесі маңындағы жағдай да ушыға түсті. Полиция студенттерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған. Наразылар полицейлер мен мемлекеттік мекемелердің ғимараттарына тас, пиротехникалық заттар лақтырып, орталық көшелердегі дүкен сөрелері мен дүңгіршектерді қиратқан. 72 сағатқа созылған тәртіпсіздіктер кезінде 71 полицей жарақат алған.

Студенттер оқу ақысы қымбаттығына, сабақ өткізу жағдайы нашарлығына және мамандығы бойынша жұмыс табу мүмкіндігі аздығына наразылық білдіріп жатыр. Олар премьер-министр Эди Рамадан бейсенбі түске дейін отставкаға кетуді талап етті. Алайда үкімет басшысы бұл талаптан бас тартып, көшедегі зорлық-зомбылық үшін оларды айыптады.

Бейсенбіде ел астанасының орталығындағы мыңдаған демонстрантқа жоғары сынып оқушылары да қосылған. Олар "Рама, отставкаға кет!" деп ұрандатып, қаладағы көлік қозғалысын тоқтатқан.