Ресейдің бас консулдығы Қазақстан СІМ-іне нота жолдады

Ресейдің бас консулдығы Қазақстан СІМ-іне нота жолдады
Фото: instagram

Ресейлік рэпер Navai-дің Жамбыл облысында ұсталуына байланысты Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне нота жолдады. Бұл туралы РИА Новости мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ресейлік дипломаттар оқиға туралы ақпарат құралдарынан білгенін, Қазақстан билігінен ресми хабарлама алмағанын мәлімдеді.

«Біз нота жолдадық. Бұл – жергілікті билікпен ресми байланыс орнатудың бір жолы. Ресей азаматының қайда екенін, қандай жағдайда ұсталғанын және істің басқа да мән-жайын анықтауды сұрадық. Қажет болған жағдайда онымен консулдық кездесу өткізуге рұқсат сұраймыз», – деп хабарлады Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы.

Еске салайық, ресейлік рэпер Navai 13 қазанда Қордай өткізу бекеті арқылы Қазақстанға кірмек болған кезде ұсталған. Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оның көлігінен есірткі табылған. Қазір рэпер есірткі контрабандасына қатысы бар деген күдікке ілініп отыр.

15 қазанда сот оны қамауда ұстауға санкция берген. Адвокаттары бұл шешімге шағым түсірді.

Осы жағдайға байланысты рэпердің 14 қазанда Астанада өтуі жоспарланған концерті де кейінге қалдырылды. Ұйымдастырушылар шараның басталуына төрт сағат қалғанда ғана концерттің өтпейтінін хабарлаған.