Журналист Руслан Өтепбай жылқышы Рахат Сәрсеновтің бұрынғы жұмыс берушісі Тәжіғали Елеуовпен кездесіп, қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге қатысты сұхбат алғанын хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналистің айтуынша, әңгіме барысында Рахат Сәрсеновтің ұзақ жылдық еңбек жолы, жұмыс берушімен қарым-қатынасы және кейінгі уақытта ел назарын аударған оқиғалар талқыланған.
Сұхбат соңында Руслан Өтепбай кәсіпкерге қазақстандықтардың қолдауының арқасында Рахат Сәрсеновтің отбасы баспаналы болғанын айтқан.
Алайда Тәжіғали Елеуов бұған күтпеген жауап қайтарған.
"Рахат Сәрсеновтің отбасы баспаналы болды дегенімде, ол: "Бұл менің ақшама алынған үй", – деп жауап берді", – деді журналист.
Кәсіпкердің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Көпшілік оның сөзінің мәнін талқылап, баспананың қандай қаражатқа алынғаны туралы толық ақпаратты білгісі келетінін жазды.
Руслан Өтепбай сұхбаттың толық нұсқасында Рахат Сәрсенов пен оның бұрынғы жұмыс берушісі арасындағы еңбек және қаржылық қатынастарға қатысты өзге де мәселелер көтерілетінін жеткізді.