"Расист, русофоб...". Танымал сенаторға кімдер өшігіп жүр?

Dalanews 12 ақп. 2020 09:48 879

Dalanews.kz әлеуметтік желідегі белсенді азаматтың бірі, сенатор Мұрат Бақтиярұлының ой-пікірлерін үзбей жариялап жүр.




Сенатор жұмысын шала атқаратын министрлер мен әкім-қараларға ерекше шүйлігеді. Желідегі жұртқа да сонысымен жағады.

"Тоқаевтың тапсырмасын орындауға өз ісіне жүрдім-бардым қарайтын шенді-шекпенділер кедергі келтіріп отыр", – дейді Мұрат Бақтиярұлы. 


Тіл мәселесіне келгенде де сенатор көкейдегі ойын бүгіп қалған емес.

Мәжілістегі кейбір әріптестері секілді алыстан орағытпайды, жауаптан жалтармайды.

"Мемлекеттік тілді білуді міндеттесек көпұлтты еліміздің тыныштығын шайқалтып аламыз-ау" деп орынсыз ақылсынбайды.

Керісінше қазақ тілін білуді міндеттейтін кез келді деп есептейді ол. 


"Еліміздің әр азаматын қазақ тілін білуге міндеттейтін уақыт келді.  Мемлекеттік тілді білу борыш емес, міндет! Заңнамаға осындай өзгеріс енгізу керек.

"Борыш" деген сөз қазақстандықтардың сана-сезіміне ешқалай әсер етпейді, көбісі бұған мән бермейді де. Сол себепті азаматтар қазақ тілін меңгеруге талпынбайды, ал кейбіреулер оны пайдасы жоқ деп есептейді. Тілді білуге міндеттемесек, қазақстандықтар оны меңгермейді", – дейді сенатор.



Сол-ақ екен Wikipedia интернет-энциклопедиясында әлдебіреулер сенатордың өмірдерегіне өзгеріс енгізіп,  "расист" және "русофоб" деп жазып кетіпті. 

Соған қарағанда сенатордың тілге қатысты талаптары кейбіреудің шамына тисе керек. Олар кім болды екен?


Мемлекеттік тілдің мәртебесін биік мінберде сөз еткен Мұрат Бақтиярұлына ашық қарсы шығуға қаймықты ма, ту сыртынан тілдепті.



Сенатордың өмірдерегіне түзету енгізген Dmitriy AL есімді қолданушы екен. Әлбетте бұл оның бүркеншік есімі болуы мүмкін. Wikipedia-ға сенатордың өмірдерегіне әлгі екі сөзді енгізуші тіркелген сыңайлы.

Белгілісі –  қазақ тілінің қас жауы. Сенатор сөз еткен "мемлекеттік тілді меңгеруге талпынбайтын әрі пайдасы жоқ" деп есептейтін есерсоқтың бірі. Қазақ тілінің сойылын соғып, намысын жыртып жүрген азаматтарды атарға оғы жоқ, астыртын күресіп жүрген орыс шовинисі болуы да ғажап емес.

Мұрат Бақтиярұлы бұл мәселені жылы жаба салмай, ар-намысына (оның ғана емес жалпы мемлекетпен тілге құрметпен қарайтын кез-келген азаматқа) тіл тигізген адамды анықтайды деп сенеміз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар