Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров ұлы Адам Қадыровтың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы туралы тараған ақпаратқа алғаш рет түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, бұл мәліметтердің барлығы – шындыққа жанаспайтын қауесет пен әдейі таратылған ақпарат. Қадыров қазіргі уақытта жасанды интеллектінің көмегімен кез келген адамды адастыруға болатынын атап өтті.
Сондай-ақ ол ұлының апатқа ұшырағаны жөніндегі ақпараттың белгісіз дереккөздерден тарап, қысқа уақыт ішінде әлемдік жаңалықтардың басты тақырыбына айналғанын айтты.
Айта кетейік, 18 жастағы Адам Қадыров - Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ең танымал балаларының бірі. Адам Қадыровқа бірқатар жоғары лауазым беріліп, марапаттар табысталған. Қазір ол Шешенстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы әрі республикалық Ішкі істер министрлігінің кураторы қызметін атқарады.
