Қызылорда облысының Қазалы ауданында балабақша есепшісінің бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілінуіне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қызылорда облысының прокуратурасы жүргізген талдау барысында балабақша есепшісінің төрт жыл бойы өзіне штаттық кестеде белгіленген жалақыдан жоғары мөлшерде қаражат аударып келгені анықталған.
Тексеру мәліметінше, есепші өзіне тиесілі банк шоттарына қосымша ақша аудару арқылы бюджетке 21,5 млн теңгеден астам шығын келтірген.
Осы факті бойынша аудан прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық, яғни аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Қылмыстық іс әрі қарай тергеп-тексеру үшін Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданады.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.