Қытай Жерді бес күн сайын бақылап отыратын екі жаңа спутникті орбитаға шығарды

Қытай Жерді бес күн сайын бақылап отыратын екі жаңа спутникті орбитаға шығарды
видеодан кадр

Қытай Шаньдун провинциясы жағалауындағы теңіз платформасынан ұшырылған Smart Dragon-3 зымыранының көмегімен Oriental Smart Eye (OSE) атты екі гиперспектрлі спутникті сәтті түрде орбитаға шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа спутниктер гиперспектрлі түсірілім жүйесімен және жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған. Бұл жүйе жиналған деректерді тікелей орбитада өңдеуге мүмкіндік береді. Соның арқасында ақпаратты талдау уақыты бірнеше күннен бірнеше минутқа дейін қысқарады.

Мамандардың айтуынша, спутниктер Жер шары бойынша деректерді әр бес күн сайын жаңартып отыра алады.

Аппараттар қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, ауыл шаруашылығы саласындағы мониторинг жұмыстарын жүргізу және төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде пайдаланылмақ.

Жоба Қытайдың ғарыштық технологиялар мен жасанды интеллектті біріктіру бағытындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, Жерді қашықтан бақылау жүйелерінің тиімділігін арттыруға жол ашады.