Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер – біздің заманымыздың қаһармандары

Dalanews 22 қар. 2023 03:50 2387

Біздің қазақстандық құтқарушылар мен өрт сөндірушілер өздерінің күш-жігерлерін, тіпті өмірлерін аямай, күн сайын адамдардың игілігі үшін еңбек етуде. Кейде біз олардың күн сайын бетпе-бет келетін қиындықтарын, жан алысып, жан берісетін сәттерін, сол минуттардағы ерліктерін, ержүректіктерін еске алып, құрмет көрсетуге тиіспіз. Бұл, біріншіден, біздің парызымыз болса, екіншіден ұрпаққа үлгі-өнеге.

2020 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі құрылғаннан кейін Қазақстан тұрғындары мен біздің құтқарушылар күрделі сынақтарға тап болды. Осы жылдар ішінде біз пандемиялық және карантиндік шектеулермен, өрттермен, су тасқындарымен, қар көшкіндерімен, жарылыстармен және өндірістегі апаттармен күрестік. Көліктегі төтенше жағдайларға байланысты шақыртуларға біздің құтқарушылар жиі баруға мәжбүр болды. Жалпы, бүгінгі күнге дейін төтенше жағдайлардан келген шығын 5 миллиард теңгеден асқан екен. Сонымен бірге 14,6 мың төтенше оқиғаның салдарын жою шаралары жүргізілді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Өзбекстанның Сырдария облысындағы су қоймасының бөгеттерінің бірінде 2020 жылдың 1 мамырында болған жарылыстың салдарын жою қиынға соқты. Сол күндері ведомствоның ресми ақпарат көзіне мынадай дерек жарияланды: «Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуынан айтарлықтай материалдық шығын келді.

Салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданының бес елді мекені зардап шекті, бұл шамамен 6 мың адам. Олардың барлығына дер кезінде материалдық көмек көрсетілді. Жаңа мектептер, ауруханалар мен тұрғын үйлер салыну қажет, жаңа инженерлік инфрақұрылымдар мен жолдар да керек. Түркістан облысындағы төтенше жағдайларды жоюға үкімет резервінен 16,8 млрд теңге бөлінді».

Ресми хабарламаның астарында су қоймасына жақын орналасқан аудандардың 11598 тұрғынын эвакуациялауға атсалысқан құтқарушыларымыздың жанқиярлық еңбегі жатыр. Содан кейін мыңнан астам қазақстандықтардың үйлері су астында қалды. Қайғылы оқиға салдарынан төрт адам қаза тауып, біреуі хабар-ошарсыз кетті. Бұл тек 1 мамыр күнгі сандар. Ал 2 мамыр күні таңертең 14 елді мекеннен 31 мың адам эвакуациялануға мәжбүр болды. Ол кезде құтқару жұмыстарына 986 адам мен 180-нен астам техника жұмылдырылды. Адамдарды ғана емес, аман қалған малдарды да көшіруге тура келді. Ал біздің құтқарушылар бұдан кейін демалу мен ұйқы дегенді ұмытып, жанқиярлық және батылдық танытты, тыным таппай адамдарды құтқарды.

Бірақ су тасқынынан да жойқын және қауіптісі – өрт. Ал «тілсіз жау» Қазақстанға жиі шабуыл жасады. Өткен 2022 жылы өрт қауіпті кезең басталғаннан бері республикада 800 орман және 111 дала өрті орын алған. Ауқымы мен залалы бойынша ең үлкені өткен жылы Қазақстанның солтүстігінде, Қарағанды, Алматы облыстары мен Шығыс Қазақстан аймағында болды. Олар 100 мың гектар орманды жайпап өтті.

Көптеген отандық БАҚ Қостанай облысы Әулиекөл ауданына қарасты Басаман және Семиозерный орман шаруашылығы бөлімдерінің аумақтарында алғашқы өрттер басталғанын жарыса жазды. Орман өрті бір аптадан астам уақыт бойы жұртты әбігерге салды. Өрт 43 мың гектар аумақты шарпыған. Ал екі елді мекендегі 91 тұрғын үй зардап шекті. 12 адам дене жарақатын алып, күйік шалып, жеңіл және орташа дәрежеде уланып, біреуі қайтыс болды. Сондай-ақ 137 бас мал мен 130 құс өлді. Ғалымдар мен экологтар өрт салдарынан бүлінген аймақтың экожүйесін қалпына келтіруге шамамен 100 жыл қажет деп есептейді.


Бірақ төтенше оқиғалар легі мұнымен шектелген жоқ, Қазақстанның басқа аймақтарында да ормандарды өрт шала бастады. Соның салдарынан еліміздің орман қорының шығыны 92 567 гектарды құрады. Ал біздің құтқарушылар өздерінің нағыз кәсіпқой екендіктерін тағы да дәлелдеді. Қостанай облысындағы табиғи өрттерді жою жұмыстарынан соң, Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті 10 құтқарушыны «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюда жанқиярлық танытқаны үшін» медалімен және 14 азаматты «Құтқару операцияларындағы белсенділігі үшін» төсбелгісімен марапаттады. «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі – 11, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің грамотасы – 10, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хаты 7 қызметкерге табысталды. Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 5 қызметкері ел Президентінің Алғыс хатына ие болды.

Көп ұзамай Қостанай облысындағы өртті сөндіру кезінде ерекше көзге түскен құтқарушыларды Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі марапаттады. Әулиекөл ауданының өрт сөндіру бөлімдері мен бекеттерінің мамандары медальдар мен төсбелгілерге ие болды. Олардың бірқатары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарын еншіледі. «Ерен еңбегі үшін» медалі барлығы 48 азаматқа бұйырды. Мемлекет басшысы Қостанай облысындағы өртті сөндіруге қосқан үлесі үшін 20 қазақстандықты өзі марапаттады.

Қазақстандық құтқарушылар өрт кезіндегі құтқару жұмыстарында бірнеше рет батылдық пен кәсібилік көрсетті. Өткен жылдың қараша айының ортасында елордадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде құтқарушылар нағыз қаһарман екендіктерін дәлелдеді. Олардың ерлік істерінің нәтижесінде бес адам өрт қақпанынан аман қалды. Дегенмен бір Өрт сөндірушінің денесін 80 пайыз күйік шалған. Өкінішке қарай, ол бірнеше күннен кейін жансақтау бөлімінде көз жұмды. Тағы бір жауынгердің қолы мен бетін қатты күйік шалды, бірақ аман қалды.

Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен адалдығы үшін Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин қайтыс болғаннан кейін 1-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, Забикулин «Жыл қаһарманы» аталымы бойынша ұлттық «Алтын адам» сыйлығымен марапатталды. Бұл награданың арнайы мүсіні өрт сөндірушінің әйеліне сыйға тартылды. Сонымен қатар ел астанасындағы көшеге өрт сөндірушінің есімі берілді. Асқардың артында екі кішкентай қызы қалды.

Сондай-ақ, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Аян Кемпіров ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі марапатты тапсыру кезінде Аян Кемпіровтың анасына ұлын ержүрек етіп тәрбиелегені үшін алғыс айтты.


12 қазанда Алматыда болған өртті де сөндіру құтқарушыларға оңай соққан жоқ. Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Қайрат Нұржаубаев 10 қабатты тұрғын үйден жеті адамды, оның ішінде үш баланы құтқарды. Оқиға орнына жеткенде кіреберістен қою түтін шығып үлгерген. Тұрғындар үшінші қабаттан оныншы қабатқа дейінгі кіреберістегі қатты түтіннен өздігінен шыға алмай қалды. Бірақ өрт сөндірушілер адамдарды құтқарып үлгерді. Осы төтенше жағдайдағы батылдығы мен кәсібилігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен №6 өрттен құтқару қызметі бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Қайрат Нұржаубаев «Ерлігі үшін» медалін еншіледі.

Сол сияқты, Қостанайда аға сержант Ерлік Сұрағанов досымен бірге 73 жастағы зейнеткерді өртеніп жатқан үйден аман-есен алып шыққаны бар. 2022 жылы президент Жітіқарадан келген полицейге «Ерлігі үшін» медалін табыс етті.

Ал Павлодарда өрт сөндіруші Марлен Әбенов демалыс күні өзінің көпқабатты үйінің шатырының астынан түтін шығып жатқанын байқап қалады. Ол бірден тоғызыншы қабатқа көтеріліп, төрт адамды, оның ішінде әйел мен баланы сыртқа алып шығарды. Қайтадан дереу жертөлеге жүгіріп барып, үстіне су құйып, жалынды сөндіруге кірісті.

Қазақстандық құтқарушылар ешкімге көмек көрсетуден бас тартпайды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Есіл өзені маңындағы қалың тоғайда бір тәулікке жуық уақыт бойы әбден қажып-қалжыраған еліктерді құтқарған болатын. Олар қалың қарда қимылсыз жатып қалған екен. Келген құтқарушылар дала жануарларын көлікке зембілмен апарып, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандарына тапсырған. Еліктерді құтқарған құтқарушылар - Айбол Отарбаев, Самат Ахметжанов, Кәрім Байтуханов және Еділ Зикрин. Олар бұған дейін иттерге, тіпті аққуларға да көмектескендерін еске алады.

Қазіргі таңда да құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің әр минуты қарбаласқа, қауіп-қатерге толы. Өйткені, жылыту маусымы басталып жатыр. Әзірлік шараларынан бөлек, нақты төтенше оқиғалар да жиілеп тұр. Өрт сөндірушінің әр шақырудан аман-есен отбасына оралатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себептен де олар қаһармен деуге әбден лайықты.

Асхат ҚОЙШЫҒАРАҰЛЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар