Қазақстанда ең төменгі жалақы 150 мың теңге болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазіргі таңда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 150 мың теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр.
Оның сөзінше, әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы медиандық жалақының шамамен 50%-ына тең болуы тиіс. Осыған байланысты Қазақстанда да осы деңгейге жақындау міндеті қойылып отыр.
Алайда нақты мерзім әзірге белгісіз. Вице-министр бұл шешімнің бюджет мүмкіндіктеріне тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Қазір нақты айта алмаймын, бұл – күрделі әрі кешенді мәселе. Барлығы бюджет кірістеріне байланысты. Биылғы түсімдердің қалай қалыптасатынын көреміз. Егер оң динамика сақталса, оны жүзеге асыруға қаржылық мүмкіндік пайда болады», – деді Азамат Әмрин.
