Таразда шатыры тесілген үйде жүздеген тұрғын өмір сүріп жатыр

Қаракөз Амантай 14 сәу. 2026 16:39

Таразда 200-ге жуық тұрғын тозығы жеткен көпқабатты үйде тұрып жатыр. Айтуларынша, олардың үйі әлі күнге дейін әкімдіктің кондоминиум тізіміне енбеген. Соның салдарынан тұрғындар бірнеше жылдан бері жөндеу жұмыстарына қол жеткізе алмай келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

48 пәтердің иелері кейінгі үш жылда құжат жинап, жөндеу үшін өтініш тапсырғанымен, мәселе шешімін таппаған. Бүгінде 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған үйдің шатыры тесіліп, жаңбыр жауса су пәтерлерге дейін өтеді. Құбырлары әбден тозып, қабырғалары жарыла бастаған.

Тұрғындардың айтуынша, көктемгі жауын кезінде жағдай тіпті қиындай түседі. Үйдің төбесінен аққан су қабырғаларды көгертіп, сылақтардың түсуіне себеп болған. Кей жерлерде жарықтар пайда болған.

"Жаңбыр жауса жұрт қуанады, біз қорқамыз. Себебі төбеден су ағады. Қысқа тұйықталу болып кете ме деп алаңдаймыз. Су дұрыс келмейді, жылу да жоқтың қасы", – дейді тұрғындардың бірі Толқын Есеева.

Сондай-ақ үйдің жертөлесін кәріз суы басып тұрады. Ескі құбырлар шіріп кеткендіктен, ғимарат ішінде жағымсыз иіс тараған. Тұрғындар жылу жүйесі мен электр желілерінің де ескіргенін айтады.

"Жыл сайын жөндейміз деп уәде береді. Үш жылдан бері құжат тапсырып жүрміз. Әкімдікке талай бардық, бірақ нәтиже жоқ", – дейді тағы бір тұрғын Меруерт Саметова.

Ал қала әкімдігі бұл мәселені растады. Алайда шенеуніктердің сөзінше, кейбір пәтер иелері қажетті құжаттарды толық тапсырмағандықтан, үй кондоминиум тізіміне енгізілмеген.

Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Нұржан Бәкірбаевтың айтуынша, бұл үй бойынша жиналыс 2018 жылы өткен.

"Сол кезде тұрғындардың көбі бағдарламаға қатысуға келіспеген. Сондықтан Макаров көшесі, 20Б мекенжайындағы үй тізімге енгізілмеді", – деді ол.

Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде Таразда 600-ге жуық көпқабатты үй жаңғыртудан өткен. Бұл жұмыстарға 23 миллиард теңге жұмсалған. Алайда қалада әлі де жөндеуді қажет ететін 538 тұрғын үй бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove