Маңғыстаудағы «Қамалдар аңғарында» дрифт жасағандар тұрғындардың ашуына тиді

Көркем Алдабергенова 14 сәу. 2026 16:10

Маңғыстау облысында демалушылардың әрекеті қоғамның наразылығын туғызды. Әлеуметтік желіде «Қамалдар аңғары» аталып кеткен Айрақты-Шоманаи шатқалында жол талғамайтын көліктермен дрифт жасаған видео тарады. Бұл жағдайға полиция да пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ақтау қаласының тұрғыны Азамат Сәрсенбаев бұл аумақта түсірілген видеоны жариялаған, деп жазады Lada.kz. Кадрлардан демалуға келгендердің әктас таулардың етегінде, дала бетінде көлікпен айналып, дрифт жасағанын көруге болады.

Желі қолданушылары мұндай әрекеттер топырақтың бүлінуіне және өсімдік жамылғысының жойылуына әкелетінін айтып, алаңдаушылық білдірді. Видео кеңінен талқыланып, көпшілік авторды қолдап, болған жағдайға наразылық танытты.

Сонымен қатар, өңір тұрғындары Маңғыстаудағы танымал жерлерге табиғат аясында тынығып, тыныштық іздеп баратынын, алайда кей демалушылардың қатты музыка қосып, жарыс ұйымдастырып, дрифт жасау арқылы тыныштықты бұзатынын жеткізді.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген. Ведомствоның мәліметінше, дрифт жасаған жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзған.

«Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол – 24 жастағы жүргізуші. Ол көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз қайта басқарған. Бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған. Оған бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша шара қолданылды: апатты жағдай туғызу, абаттандыру қағидаларын бұзу және көлік құралдарын пайдалану ережелерін қайта бұзу. Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды», – деп хабарлады ведомство.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove