Қазақстандық блогерлер тағы да салық органдарының назарына ілікті

Сағыныш Сардарова 14 сәу. 2026 16:19

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов кейбір қазақстандық блогерлерге қатысты салық тексерістері әлі де жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, тексеріс басталғалы салық органдары 854 блогерге табысын төмен көрсеткені үшін жалпы сомасы 72 млрд теңгеге 1 586 хабарлама жолдаған.

"Қазір 622 блогер қосымша салық декларациясын тапсырды. Олар табысын 18,3 млрд теңгеге арттырып, 1 млрд теңгеге дейін қосымша салық төледі. Сондай-ақ, тағы шамамен 600 млн теңге төлеуге міндеттелді", - деді Ержан Біржанов Үкіметтегі брифингте.

Ол қазір 7 блогерге қатысты тексеріс жүріп жатқанын айтты. Оларға қосымша есептелген салық көлемі 10 млн теңгеден асады.

"Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр. Бұл сома ерікті түрде төленбесе және көлемі ірі болса, материалдар құқық қорғау органдарына беріледі немесе тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады", - деді вице-министр.

Салық құпиясына байланысты блогерлердің есімдері жарияланбаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove