Freedom Inside '26

Алматыда колледж студентінен туберкулез анықталды

Алматыда колледж студентінен туберкулез анықталды
gov.kz
Алматыда колледж студентінен туберкулез анықталғаны белгілі болды, деп хабарлайды Dala News.
 
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, жағдай ата-аналардың өтінішінен кейін бақылауға алынған. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар толық көлемде жүргізілген.
 
Ведомствоның мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 19 наурызда 4-курс студенті емханаға жүгініп, флюорографиядан өткен кезде өкпе туберкулезі анықталған.
 
Нәтижесі белгілі болғаннан кейін студент бірден оқу процесінен шеттетіліп, тиісті медициналық мекемеге жатқызылған.
 
Білім басқармасы студенттің жатақханада тұрмайтынын, ата-анасымен бірге пәтерде тұратынын атап өтті.
 
Колледж әкімшілігі мен медициналық қызметтер бірлесіп, шұғыл түрде эпидемияға қарсы шаралар жүргізген.
  • Атап айтқанда:
  • студент оқшауланып, емі дәрігерлер бақылауына алынған;
  • науқаспен байланыста болғандардың барлығы тексеруден өткен;
  • 1738 студент, 150 оқытушы және техникалық қызметкерлер флюорографиядан өткен;
  • студент оқыған топта (20 студент, 15 оқытушы) қосымша АТР-тест пен қайта тексеру жүргізілген;
  • оқу корпустары мен жатақханада толық санитарлық өңдеу жасалған;
  • студенттер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Қалалық білім басқармасы жағдай толық бақылауда екенін мәлімдеді.