Құрылыс пен ауыл шаруашылығына маман жетіспейді — Сүлейменова

Құрылыс пен ауыл шаруашылығына маман жетіспейді — Сүлейменова
UKIMET

Қазақстанда еңбек нарығы мен колледждердегі кадр даярлау көлемі арасында айтарлықтай алшақтық бар, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі негізгі мәселелердің бірі еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкес маман даярлау екенін айтты.

Министрліктің болжамынша, орта мерзімді кезеңде экономикаға 1,8 млн-нан астам жұмысшы маман қажет болады. Оның ішінде өнеркәсіп саласына – 183 мың, құрылысқа – 102 мың, ауыл шаруашылығына – 73 мың, IT саласына – 12 мың маман қажет.

Ең үлкен алшақтық құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында байқалады.

Мәселен, құрылыс саласында 102 мың маманға қажеттілік болғанымен, осы бағытта колледждерде 22,4 мың студент ғана білім алып жатыр. Яғни еңбек нарығының сұранысы қазіргі даярлау көлемінен 4,5 есе жоғары.

Ауыл шаруашылығында жағдай бұдан да күрделі. Салаға 73 мың маман қажет болса, колледждердегі білім алушылар саны 12,7 мың адамды құрайды. Бұл қажеттіліктен 5,7 есе аз.

Осыған байланысты мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірлер мен экономика салаларының нақты кадрлық қажеттілігіне қарай қайта бөлу көзделіп отыр.

Министрдің айтуынша, мәселе тек мамандар санын көбейтумен шектелмейді. Қазіргі жұмыс берушілер кәсіби біліммен қатар коммуникативтік қабілет, сыни ойлау, өзгерістерге бейімделу және цифрлық сауаттылық сияқты дағдыларға да мән береді.

«Басты мақсатымыз – жұмысшы кадрларды даярлауды экономика мен өндірістің сұранысына барынша сәйкестендіру», – деді Сүлейменова.

Оның айтуынша, бұл міндет демографиялық өзгерістер жағдайында ерекше өзекті болмақ. 2030 жылға қарай 15–18 жастағы жастар саны 34%-ға өсіп, 1,1 млн-нан 1,5 млн адамға дейін жетеді. Ал еңбек нарығының жыл сайынғы қажеттілігі 225–256 мың адам деңгейінде қалыптасады.