Қазақстанда үшінші елдерден бірқатар құрылыс материалын әкелуге қойылған шектеу төрт айға жуық уақыттан бері қолданылып келеді. Ол цементтің, құрылыс ерітінділері мен бетонның кейбір түрлерін, табиғи тастан жасалған бұйымдарды, гипс тақталарын және табақ шыныны қамтиды. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келетін өнімдерге бұл талап қолданылмайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 15 мамырдағы №237 бұйрығына сәйкес, шектеу қараша айының соңына дейін күшінде болады. Оны ұзарту жөнінде әзірге ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Дегенмен шешім қабылдамас бұрын шектеудің әр өнім нарығына қалай әсер еткенін бағалау маңызды.
Qazaq Expert Club-тың құрылыс және жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, импорт азайса, шетелдік өнімнің орнын отандық құрылыс материалдары басуы мүмкін. Бұл жергілікті кәсіпорындарға өндірісті ұлғайтуға жол ашады. Алайда әр материалдың нарықтағы жағдайы әртүрлі болғандықтан, импортқа қойылған шектеудің әсерін жеке бағалау қажет.
"Цемент өндірісінде жағдай анағұрлым жақсы. 2025 жылы Қазақстанда рекордтық 14,4 млн тонна цемент шығарылды, ал елдің өз қажеттілігін өтеу деңгейі шамамен 92,5 пайызға жетті. Импорт пен экспорт көлемі де шамалас — әрқайсысы 1,1–1,2 млн тонна. Демек, бұл салада Қазақстанның қуатты өндірістік базасы бар. Үшінші елдерден келетін өнімге қосымша шектеу қою жағдайды түбегейлі өзгертпейді", – дейді сарапшы.
Ал шыны нарығындағы ахуал бөлек. Қызылордада елдегі жалғыз ірі табақ шыны өндіруші Orda Glass жұмыс істейді. Алайда бір кәсіпорын нарыққа қажет өнімнің барлық түрін және сұраныстың толық көлемін қамтамасыз ете алмайды. Түсті, шыңдалған және энергия үнемдейтін шынының бір бөлігі әлі де шетелден жеткізіледі.
Сарапшы келтірген Құрылыс салушылар одағының бағалауынша, отандық кәсіпорындар гипсокартон мен құрғақ қоспаларға сұраныстың шамамен 60–65 пайызын өтейді. Өңделген тас нарығында да жағдай ұқсас. Қазақстанда шикізат болғанымен, терең өңделген өнімдердің бір бөлігі импортталады.
Сөйтіп, өндірісі жақсы дамыған цемент саласында қосымша қорғауға қажеттілік аздау, ал импортты алмастыру маңызды өнім түрлерінде отандық қуат әзірге жеткіліксіз. Сарапшының пікірінше, қысқа мерзімді шектеу бұл алшақтықты өздігінен жоя алмайды.
"Негізгі мәселе — сауда саясаты мен өндірісті дамытуға қажет уақыттың сәйкес келмеуінде. Шектеу алты айға енгізіледі, ал зауыт салуға бірнеше жыл керек. Импортқа жарты жылға тосқауыл қойылды екен деп қана бизнес жаңа кәсіпорынға қаржы құя қоймайды. Зауыт іске қосылғанша нарықтағы ереже өзгеріп, шетелдік тауар қайта оралуы мүмкін", – деп түсіндіреді Диляра Сейтнурова.
Оның сөзінше, инвесторға ұзақ мерзімге арналған тұрақты ережелер, шикізат пен энергияға қолжетімділік, ұзақ мерзімді қаржыландыру және бірнеше аймен шектелмейтін өткізу нарығы қажет.
Сонымен бірге импортталатын құрылыс материалдарының бәрін Қазақстанда өндіру экономикалық тұрғыдан тиімді бола бермейді. Кейбір өнімге қажетті шикізат та, сұраныс та жеткілікті. Ал өзге тауарлар үшін жеке зауыт салу нарық көлемімен салыстырғанда тым қымбатқа түсуі мүмкін.
Сарапшы импортты алмастырудың бір мысалы ретінде Orda Glass кәсіпорнын атайды.
"Қызылордадағы Orda Glass іске қосылғаннан кейін Қазақстанда табақ шыны өндірісі пайда болды. Бұрын нарық импортқа тәуелді болса, кәсіпорын жұмысын бастаған соң қалыңдығы төрт миллиметрлік табақ шынының бір шаршы метрінің бағасы 2 200 теңгеден 1 250 теңгеге дейін төмендеді", - дейді ол.
Дегенмен Сейтнурова бұл зауыттың қысқа мерзімді тыйымның нәтижесінде пайда болмағанын ескертеді. Жобаны жүзеге асыру үшін инвестор, шикізат, өндірістік инфрақұрылым және өткізу нарығы қатар қажет болды.
Сарапшының пайымынша, импортты шектеу мен оны отандық өніммен алмастырудың айырмасы осында. Біріншісі шетелдік тауардың нарыққа келуін уақытша азайтады. Екіншісі қажетті көлемді, сапаны және бәсекеге қабілетті бағаны қамтамасыз ете алатын өндірісті қалыптастырады.
Егер отандық ұсыныс жеткіліксіз салада импорт шектелсе, бағаның өсу қаупі бар. Сырттан келетін өнім жергілікті өндірушілерге бәсеке туғызып, бағаның күрт көтерілуін тежейді. Бұл, әсіресе, бір ірі өндіруші немесе санаулы жеткізуші жұмыс істейтін нарық үшін маңызды. Сейтнурованың айтуынша, Қазақстан құрылысшылар одағы шектеулер салдарынан құрылыс материалдары 25–30 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін ескерткен.
Сондықтан сарапшы импортты шектеуді отандық өндірісті дамыту құралдарының бірі ретінде қарастырған жөн деп есептейді. Бірақ мұндай шараның нәтижесі өндіріс ашуға қажетті жағдай жасалғанда ғана тұрақты болмақ.
"Инвесторлар бірнеше жыл алға жоспар құра алуы керек. Олар уақытша шектеу аяқталған соң нарық қандай болатынын, кәсіпорын қолжетімді қаржы таба ала ма, энергия қанша тұрады, қажетті шикізат бар ма және зауыт тұрақты әкімшілік қорғаусыз импортпен бәсекелесе ала ма — осының бәрін білуге тиіс. Бұл сұрақтарға жауап табылғанда ғана импортты шектеу туралы емес, оны шын мәнінде алмастыру туралы айтуға болады", – деп түйіндеді Диляра Сейтнурова.