Қазақстан Республикасы Курултайының 145 депутаты Орталық сайлау комиссиясында тіркеліп, олардың депутаттық өкілеттігі ресми түрде басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының XVI отырысы өтіп, онда Курултайдың жаңадан сайланған депутаттары тіркелді. Отырыста барлық сайланған депутат қатысты.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстан Республикасының «Курултай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңындағы талапқа сәйкес депутаттың өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясында депутат ретінде тіркелген сәттен басталатынын атап өтті.
ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, комиссия 145 сайланған депутатты тіркеу туралы қаулылардың жобаларын әзірлеген. Олардың барлығы бес саяси партиядан сайланды.
Атап айтқанда, «Әділет» партиясынан – 110, «Ауыл» партиясынан – 10, Respublica партиясынан – 9, «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 8 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан – 8 депутат тіркелді.
«Сіздердің өкілеттіктеріңіз Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен басталды. Енді сіздер – Қазақстан Республикасының заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді органы Курултайдың депутаттарысыздар. Курултай депутаттары төте сайлау құқығы негізінде сайланды. Сайлау науқанының барлық кезеңі заң талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылды. Депутаттық мандат – халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі. Ал Курултай депутатының мәртебесі әрқайсыңызға ел мен халық алдында үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді Нұрлан Әбдіров.
Осылайша, ОСК-да тіркелген 145 депутаттың Курултайдағы өкілеттігі ресми түрде күшіне енді.
Отырыстың соңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Курултай депутаттарына депутаттық куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.