Құрылтай сайлауы: саяси жүйедегі жаңа кезеңнен не күтеміз?

Құрылтай сайлауы: саяси жүйедегі жаңа кезеңнен не күтеміз?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үндеуінде алдағы жексенбіде өтетін жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауын ел тарихындағы маңызды оқиға деп бағалады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, бұл сайлау ауқымды саяси реформалардың жалғасы болып, Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңге жол ашуы тиіс. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сайлауалды науқанның ашық, бәсекелі әрі мазмұнды өткенін атап, саяси партиялардың өз бағдарламаларын қоғамға кеңінен таныстыруына мүмкіндік болғанын айтты.

Құрылтай сайлауының саяси жүйедегі орны, сайлауалды науқандағы бәсекелестік деңгейі және азаматтық қоғамның белсенділігі туралы әзербайжандық сарапшы Фархад Мамедов өз пікірін білдірді.

Саясаттанушы Фархад Мамедов Құрылтай сайлауының елдегі саяси жаңғыру үдерісіндегі маңызына тоқталып, жаңа бірпалаталы заң шығарушы органның негізгі функциялары, саяси бәсекенің деңгейі және азаматтық қоғамның саяси процеске қатысуы жөніндегі пікірін білдірді.

- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Құрылтай сайлауын Қазақстанның саяси жаңғыруындағы «жаңа кезеңнің» бастауы ретінде бағалады. Сіздіңше, Құрылтайдың жаңа саяси жүйедегі негізгі функциясы қандай болмақ?

- Құрылтай сайлауы – жаңа Конституцияның қабылдануынан басталған ауқымды саяси реформалар топтамасының ұйымдастырушылық кезеңін аяқтайтын маңызды қадам. Бұл реформалар елдің саяси жүйесін толық қайта форматтауды, жаңа институттарды енгізуді, сондай-ақ бұрынғы бірқатар институттарды қысқартуды және кейбірін жоюды көздейді.

Яғни саяси реформалардың ұйымдастырушылық бөлігінде Құрылтай сайлауын осы үдерістің қорытынды кезеңі деп айтуға болады. Бұдан әрі саяси жүйенің жаңа институттарын қалыптастыру және олардың өзара тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету процесі басталады. Осы тұрғыдан алғанда, ең алдымен, Парламент пен Үкімет арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделі қалай қалыптасатыны ерекше қызығушылық тудырады.

Сонымен қатар, бір палаталы Құрылтайдың бұрын екі палаталы Парламент атқарған функцияларды қаншалықты тиімді жүзеге асыра алатыны да маңызды мәселе. Оның заң шығару қызметі, Үкіметпен өзара байланысы және мемлекеттік шешімдерді қабылдау процесіндегі рөлі жаңа саяси жүйенің тиімділігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі болмақ.

Алдағы кезеңде Құрылтайдың қызметіне берілетін баға ең алдымен оның нақты нәтижесіне, жұмыс тиімділігіне және қоғам мүддесін қаншалықты сапалы білдіре алатынына байланысты болады.

- Мемлекет басшысы бұл сайлау науқанын «ең тартысты науқандардың бірі» деп атап, партиялардың бағдарламаларын ашық таныстыруына мүмкіндік болғанын айтты. Осы науқан Қазақстандағы саяси бәсекенің сапасы артқанын қаншалықты көрсетті? Мұны қандай нақты көрсеткіштермен бағалауға болады?

- Шын мәнінде, сайлауалды науқан бәсекелі ортада өтті. Науқан барысында жалпыұлттық мақсаттар айқындалып, әрбір саяси партия, оның қашан құрылғанына және қандай ресурстарға ие екеніне қарамастан, Президент белгілеген мақсаттарға қол жеткізу жолдары жөніндегі өз көзқарасын қоғамға жеткізуге мүмкіндік алды.

Бұл – маңызды фактор. Өйткені, біріншіден, қоғам саяси күштердің ұстанымдарындағы айырмашылықтарды көре алды. Екіншіден, көптеген тың идеялар мен ұсыныстар айтылды. Болашақта қандай да бір саяси күш қажетті дауыс санын жинай алмаған күннің өзінде, оның ұсынған идеялары қоғамда кең қолдау тауып, танымал болуы мүмкін. Сондай-ақ белгілі бір тарихи кезеңде өзекті болған мұндай идеялар іс жүзінде қолданылып, мемлекеттік саясатта пайдаланылуы ықтимал.

Яғни сайлауалды науқанның негізгі мақсаты, біріншіден, саяси күштердің ұстанымдарын таныстыру болса, екіншіден, Қазақстан қоғамын толғандыратын кең ауқымды мәселелер бойынша жаңа идеялар мен ұсыныстарды қалыптастыру екені сөзсіз.

- Үндеуде жастардың, кәсіпкерлердің, кәсіби қауымдастық өкілдерінің қоғамдық пікірталасқа белсенді араласқаны айтылды. Бұл үрдіс Қазақстандағы азаматтық қоғамның саяси шешімдер қабылдауға ықпалы күшейіп келе жатқанын білдіре ме, әлде сайлау науқаны кезеңімен ғана шектелетін құбылыс па?

- Күмән жоқ, жастар мен кәсіпкерлер  белсенді әлеуметтік топқа жатады. Олардың сайлауалды науқанға белсенді қатысуы Қазақстандағы азаматтық қоғамның саяси өмірге қаншалықты тартылып келе жатқанын көрсетеді. Біз азаматтық қоғам институттарының үнемі қозғалыста болатынын және қоғамдық көңіл күйді көрсететінін түсінуіміз керек.

Бұл институттар қаншалықты мықты болса, қоғам да өзекті мәселелер жөніндегі сигналдарды Үкіметке соғұрлым жедел жеткізіп, шешімдер қабылдау процесіне қатыса алады. Сондықтан жекелеген әлеуметтік топтардың белсенділігінің артуы және олардың ақпаратты Үкіметке жеткізетін институттарының қалыптасуы – Қазақстан Президенті жүргізіп отырған саяси реформалардың маңызды құрамдас бөлігі.

- Президент «Құрылтай әртүрлі көзқарастар мен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс» деді. Осы мақсат жүзеге асуы үшін Құрылтайда қандай саяси мәдениет пен пікір алуандығы қалыптасуы керек? Оның тиімділігін алғашқы жылдары қандай өлшемдер арқылы бағалауға болады?

- Әрине, Құрылтайдағы саяси әралуандылық сайлау қорытындысы бойынша қалыптасады. Яғни бәрі Қазақстан азаматтарының саяси партияларға қалай дауыс беретініне байланысты болады. Әрине, Парламенттегі тұрақтылық маңызды. Сонымен қатар Құрылтайдың күн тәртібіне шығарылатын маңызды мәселелер бойынша мазмұнды әрі нақты пікірталастың болуы да аса маңызды.

Құрылтай – заң шығарушы орган ғана емес, сонымен қатар Үкіметтің қызметін белгілі бір деңгейде қадағалайтын өзіндік бақылау органы. Яғни Парламенттің атқаратын функциялары көп. Сол функцияларды қаншалықты тиімді жүзеге асыратыны да тікелей Парламентке байланысты. Бұл ретте оның жұмысы қоғамның саяси процестерді қабылдауымен де үйлесуі тиіс.

Сондықтан көп нәрсе сайлау қорытындысына және саяси партиялардың қанша дауыс жинайтынына байланысты болады.