«Заң және тәртіппен» қатар «Мәдениет және жауапкершілік» идеологиясы да қажет – Әсем Ережеқызы

«Заң және тәртіппен» қатар «Мәдениет және жауапкершілік» идеологиясы да қажет – Әсем Ережеқызы

Соңғы жылдары Қазақстанда заң үстемдігін нығайтуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Айтыскер ақын Әсем Ережеқызы әлеуметтік желідегі парақшасында «Заң және тәртіп» идеологиясымен қатар мәдениет пен жауапкершілік мәселесін қолға алу керегін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақынның айтуынша, өткенді айтып өкіне бермей, жақсы үмітпен алға ұмтылатын уақыт келді. Ол қоғамда оң өзгерістердің бар екенін атап өтті.

«Саралап, сараптап қарасам, айналада жақсы өзгеріс көп. Іштей риза болып қоямын, құдай бұл күнді де көрсетті. Сіздерді қайдам, маған мемлекетіміздің саясаты қоғамдық тәртіп мәселесін қатты қолға алғаны сезіледі. Тәртіп мәселесіне Президент те жиі айтып жүр. Бұл маған ұнайды», – деп жазды ол.

Әсем Ережеқызы бүгінде елде көптеген мүмкіндік бар екенін, алайда мәдениет пен тәртіп мәселесіне көбірек көңіл бөлу қажет екенін айтты.

«Қазір бізде бәрі бар. Той-думанды сәл реттеп, ысырапшылдықтан арылсақ, қаражат мәселесі де реттеледі деп ойлаймын. Жетіспей жүрген нәрсе – мәдениет пен тәртіп. Әйтпесе қазақ өте дана, зерек халық қой. Қазір біздің жастардың арасында төрт тілде еркін сөйлейтіндер көп. Жастар өте талантты. Қуанасың. Тек тәрбиені дұрыс беруіміз керек», – деді ақын.

Ол әл-Фарабидің «Балаға ең әуелі тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін мысалға келтіріп, қоғамдағы көптеген мәселелердің тәрбиеден басталатынын атап өтті.

Ақынның пікірінше, адамның көшеде қоқыс тастамауы, қоғамдық орында айқайламауы немесе үлкенге құрмет көрсетуі үшін міндетті түрде бақылау мен жазадан қорқу қажет емес.

«Мұның бәрі – мәдениет пен тәрбиеден басталады. Сондықтан бүгін Қазақстанға "Заң және тәртіп" идеологиясымен қатар "Мәдениет және жауапкершілік" идеологиясы да қажет», – деді ол.

Сондай-ақ Әсем Ережеқызы бала тәрбиесінде қоғамдық мәдениетке ерекше мән беру керектігін айтты. Оның сөзінше, балаға кішкентайынан қоғамдық орынды таза ұстауды, кезек сақтауды, қарт адамға жол беруді, өзгенің тыныштығын сыйлауды, мемлекеттік мүлікке жанашырлықпен қарауды және өзгенің құқығын құрметтеуді үйрету маңызды.

«Бұл – ұсақ-түйек емес. Ұлттың мәдени деңгейі осындай күнделікті әрекеттерден көрінеді. Еліміз дамып, Отанымыз көркейе берсін!» – деп түйіндеді ақын.