Сайлауда партиялардың кім фаворит, кім аутсайдер екенін алдын ала таразылаудың аса мәні жоқ. Саясатта соңғы сөзді рейтинг емес, дауыс береді. Бірақ сәтті науқандардың ортақ белгілері бар болса, сәтсіз науқандардың өзіне тән себептері болады. Саясаттанушы Талғат Қалиев партиялардың сайлау алдындағы әрекеттерін саралапты.
Қазіргі саяси додаға сырттай қарағанның өзінде кейбір партиялардың неге электоралдық тұрғыдан қиын жағдайға тап болғаны байқалады. Бірінде — ішкі тартыс, екіншісінде — көшбасшылардың даулы мәлімдемелері, үшіншісінде — ескі риторикадан арыла алмау.
«Байтақтың» байбаламы: саясаттан бұрын жанжал
Талғат Қалиевтің бағалауынша, «Байтақ» сайлауалды науқанын саяси идеямен емес, жанжалмен бастады.
Партия съезінің өзінде бір топ қатысушы төрағаны қайта сайлау мәселесін күн тәртібіне енгізуге әрекет жасаған. Алайда саяси пікірталас төбелеске ұласып кетті.
Бұл «Байтақ» үшін жай ғана съезд ішіндегі келіспеушілік емес. Өйткені партия ішіндегі билікке талас бұрын да байқалған. Ал сайлау қарсаңында ішкі бірліктің орнына жанжалдың алға шығуы сайлаушыға жақсы сигнал бермейді.
Ең бастысы — «Байтақтың» қазіргі науқанында қоғамның есінде қалатындай жаңа идея мен өткір саяси ұсыныс әзірге көріне қойған жоқ.
Яғни партияның байтақ бағдарламадан бұрын байбаламы көзге түсіп тұр.
«Республика»: жеңістен кейінгі сұрақ көп
«Республика» бұған дейін Мәжіліске өту шегін еңсеріп, салыстырмалы түрде табысты партиялардың қатарына кірген еді. Бірақ парламенттегі кезеңнен кейін партия төңірегіндегі ақпараттық фон бұрынғыдай мінсіз емес.
Партияның танымал өкілдерінің бірі Динара Шүкіжанованың депутаттық мандатынан мерзімінен бұрын бас тартып, бизнеске кетуі — соның бірі. Енді оның қайтадан партиялық тізімнен көрінуі де сұрақ туғызбай қоймайды.
Сарапшылар мұны партия ішіндегі жас көшбасшылар арасындағы бәсекелестікпен байланыстырады. Қалай болғанда да, депутаттық мандаттан бас тартып, кейін қайта сайлауалды тізімге оралу — электорат үшін түсіндіруді қажет ететін шешім.
Берденов оқиғасы: партияның үнсіздігі туралы сұрақ
«Республиканың» тағы бір белгілі өкілі Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғаннан кейін қастандыққа ұшырады.
Осы оқиғадан кейін партияның өз мүшесіне саяси тұрғыда қаншалықты қолдау көрсеткені жөнінде сын айтылды. Партия мәлімдемелерінің жалпы сипатта қалуы да түрлі пікір туғызды.
Бұл жерде мәселе тек бір оқиғада емес. Кез келген саяси партияның күші оның мүшесі қиындыққа тап болған кезде көрінеді. Сондықтан Берденов оқиғасы «Республика» командасының ішкі саяси тұтастығына қатысты сұрақтарды күшейтті.
Айдарбектің «айыбы»: Абай туралы бір ауыз сөздің салмағы
Ал «Республика» үшін ең ауыр ақпараттық соққылардың бірі партия төрағасы Айдарбек Ходжаназаровтың дебаттағы Абайға қатысты сөзі болды.
Ходжаназаров Абайдың қалыптасуын Құнанбайдың дәулетімен байланыстыратын пікір айтты. Оның сөзі қоғамда қызу талқыға түсіп, әсіресе ұлттық құндылық пен Абай мұрасына сезімтал аудиторияның наразылығын тудырды.
Саясаткердің бір ауыз сөзі кейде жүз күндік пиардан да күшті әсер етеді. Бұл жолы да солай болды.
Айдарбектің айыбы — айтқан сөзінің саяси салмағын дер кезінде есептей алмауында.
Партияға жақын болуы мүмкін электораттың бір бөлігін осындай даулы риторикамен алыстатып алу қаупі пайда болды.
Жастар бар. Бірақ саяси мазмұн қайда?
«Республика» жастар аудиториясымен белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл — партияның күшті жағы болуы мүмкін.
Бірақ жастарды жинау мен жастардың саяси дауысын қалыптастыру — екі бөлек нәрсе.
Эмоциялық ұран, әлеуметтік желідегі белсенділік, түрлі акциялар бар. Ал олардың нақты бағдарламалық шешімдерге қалай айналатыны әзірге анық көрінбейді.
Сайлаушыға «біз жастармыз» деу аз. Ең бастысы — жастар үшін нақты не өзгереді?
PR көп пе, позиция аз ба?
Партияның ақпараттық науқанындағы кейбір олқылықтарды журналистер пиар стратегиясымен байланыстырады.
Партияның коммуникациялық жұмысына бұрын Ұлттық олимпиада комитетінде қызмет атқарған Жанар Утешева жауап беретіні айтылып жүр. Сонымен бірге журналистік ортада партия көшбасшыларының сайлау науқанын әрқайсысы жеке пиар командаларымен жүргізіп жатқаны туралы пікір бар.
Егер бұл рас болса, саяси партия үшін мәселе күрделі.
Өйткені сайлау науқанында бірнеше дауыс емес, бір партияның бір дауысы естілуі керек.
Ал әр көшбасшы әртүрлі бағытқа тартса, сайлаушының басында бір ғана сұрақ қалады: «Бұл партияның нақты позициясы қайсы?»
Әблязовтың қолдауы: плюс па, минус па?
«Республика» үшін тағы бір қызық фактор — Мұхтар Әблязовтың партияға қатысты ұстанымы.
Әблязов өз жақтастарын «Республикаға» дауыс беруге шақырды. Бір қарағанда, бұл партия үшін қосымша электоралдық ресурс болуы мүмкін. Бірақ саясатта әр қолдаудың өз бағасы бар.
Егер «Республиканың» нәтижесі Әблязовтың Қазақстандағы ықпалының көрсеткішіне айналса, партия үшін бұл екіұшты жағдай. Бір жағынан — қосымша дауыс. Екінші жағынан — партияның саяси дербестігіне қатысты жаңа сұрақ.
Халық партиясы: қызыл түс қалды, жаңа идея қайда?
Сайлау науқанында назар аударатын тағы бір күш — Қазақстанның халық партиясы.
Басшылық ауысқанымен, партияның негізгі электораты мен саяси бейнесі түбегейлі өзгерген жоқ. Ребрендинг жасалғанымен, бұрынғы идеологиялық инерция сезіледі.
Ең басты мәселе — партия дәстүрлі электоратына жаңа саяси күн тәртібін ұсына алды ма? Әзірге жауап анық емес.
Ертісбаевтың сыны және партияның өз дауысы
Партияның негізгі спикерлерінің біріне бұрынғы төраға Ермұхамет Ертісбаев айналды.
Алайда ол сайлауалды бағдарламадан гөрі саяси қарсыластарына айтқан сыни пікірлерімен көбірек есте қалуда.
Сын — саясаттың бір бөлігі. Бірақ сайлаушы қарсыласты сынаған партиядан бұрын, өзіне не ұсынатынын білгісі келеді.
Егер партияның басты месседжі «олар дұрыс емес» дегенге тірелсе, келесі сұрақ автоматты түрде туындайды: «Ал сіздер не ұсынасыздар?»
Үш партия, үш мәселе
Қазіргі науқанның осы үш мысалы саяси бәсекенің маңызды бір заңдылығын көрсетеді.
«Байтақ» үшін басты мәселе — ішкі жанжал мен жаңа саяси мазмұнның жетіспеуі.
«Республика» үшін — көшбасшылар төңірегіндегі даулы ақпараттық фон және коммуникациялық қателіктер.
Қазақстанның халық партиясы үшін — дәстүрлі риторикадан жаңа саяси күн тәртібіне көшу қажеттілігі.
Әзірге мұның бәрі сайлау нәтижесіне емес, партиялардың науқан кезіндегі әлсіз тұстарына жасалған талдау ғана.
Сайлауда соңғы төреші — сайлаушы
Бірақ бір нәрсе анық: саясатта кейде партияны қарсыласы емес, өзінің бір ауыз сөзі, ішкі жанжалы немесе ескірген ұстанымы сүріндіреді.
Ал «Байтақтың» байбаламы мен Айдарбектің айыбы осы науқандағы сондай саяси сабақтардың біріне айналуы мүмкін.