Астанада «Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабының қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жиында бір айға созылған үгіт-насихат науқанының нәтижелері жарияланып, 23 тамызда өтетін дауыс беру күніне штабтар, сенімді өкілдер мен байқаушылардың дайындығы пысықталды.

Партия мәліметінше, сайлауалды науқан кезінде еліміздің барлық өңірінде 247 штаб жұмыс істеген. Кандидаттар мен штаб өкілдері кәсіпорындарда, базарларда, ауылдарда және түрлі қоғамдық алаңдарда тұрғындармен кездесулер өткізді.
Жиында Құрылтай депутаттығына кандидат Армангүл Тоқтамұрат «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуенінің қорытындысы туралы айтты.
«27 күн ішінде біздің командалар 17 облысты аралап, 13 872 шақырым жол жүрді. 99 елді мекенде болып, 14 мыңға жуық тұрғынмен кездесті. Екі мыңнан астам ұсыныс жиналды. Тұрғындар көтерген мәселелерді партия алдағы жұмысында назарға алады», – деді кандидат.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай партияның саяси бағытының негізінде Мемлекет басшысының реформаларын қолдау және жаңа Конституция қағидаттарын іске асыру жатқанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаторлық бағытының арқасында елімізде ірі жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым дамып, экономика жаңғырып келеді. Халық қалалар мен ауылдардағы оң өзгерістерді күнделікті өмірінен көріп, сезініп отыр. Әрине, қордаланған мәселелердің бәрін бірден шешу мүмкін емес. Жаңа Конституциямыз оларды жүйелі шешудің берік негізін қалап, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Біздің мақсатымыз – оның ережелерін іске асырып, халықтың өміріне нақты оң өзгерістер әкелу», - деді ол.
Алматы қалалық штабының өкілі Дидарбек Ділдебектің айтуынша, қаладағы мобильді топтар 1,36 миллион адамды қамтыған. Олар «Есіктен есікке» акциясы барысында 2,41 миллионнан астам азаматқа барып, 6,2 миллион дана үгіт материалын таратқан. Астанада 630-дан астам кездесу өтіп, оған 580 мыңнан астам адам қатысқан. Шығыс Қазақстан облысында екі мыңнан астам кездесу ұйымдастырылып, 314 мың адам қамтылса, Батыс Қазақстан облысында 1,6 мың кездесу өткізіліп, оған шамамен 430 мың адам қатысқан.

Жиында партияның сенімді өкілдерінің саны 30 мың адамға жеткені айтылды. Солардың бірі, «STEM академиясы» компаниясының жетекшісі Залқарбек Мұратәліұлы кездесулер барысында партияның ұстанымын жеткізіп қана қоймай, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарын жинағандарын айтты.
Бір айға созылған үгіт-насихат науқанының нәтижесінде ел бойынша мыңдаған кездесу өтіп, ондаған мың ұсыныс жиналды. Партияның сенімді өкілдерінің саны 30 мыңға жетті.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.