Канье Уэсттің Алматыдағы концерті қала экономикасына 5 млрд теңге әкелді

Канье Уэсттің Алматыдағы концерті қала экономикасына 5 млрд теңге әкелді
Фото: Scott Dudelson / Getty Images

15 тамызда Алматының Орталық стадионында өткен Канье Уэстің концерті халықаралық тур аясында ұйымдастырылып, 31 мың көрерменді жинады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шараға әлемнің 50-ден астам елінен шамамен 7700 турист келген. Олардың қатарында Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, БАӘ, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Австралия азаматтары бар.

Freedom Афиша мен First Media Group ұйымдастырушыларының мәліметінше, шетелдік қонақтардың келуі қонақүйлерге, көлік қызметтеріне, мейрамханалар мен басқа да сервистерге сұранысты арттырған. Туристік ағынның нәтижесінде қалыптасқан экономикалық әсер шамамен 5 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Алматы әзірге Канье Уэстің Орталық Азиядағы тур бағдарламасына енген жалғыз қала болды.

Алматы қалалық туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, 13–16 тамыз аралығында қаладағы орналастыру орындарының орташа жүктемесі 98%-ға жеткен.

Концерт өтетін күні қауіпсіздік пен ұйымдастыру жұмыстарына 4400-ден астам адам жұмылдырылды. Олардың қатарында күзет қызметкерлері, полиция, қалалық қызмет өкілдері, техникалық мамандар мен медицина қызметкерлері болды.