«Қазақфильм» аумағында отандық кино тарихына арналған тақырыптық саябақ ашылады

«Қазақфильм» аумағында отандық кино тарихына арналған тақырыптық саябақ ашылады
Primeminister.kz

Алматыда «Қазақфильм» киностудиясының аумағында отандық кино өнерінің тарихы мен оның көрнекті өкілдеріне арналған заманауи тақырыптық саябақ құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоба Алматыға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен қала әкімі Дархан Сатыбалдыға таныстырылды.

Алматы әкімдігі киностудия аумағындағы 5,5 гектар жерге саябақ салуды жоспарлап отыр. Ол ашық қоғамдық кеңістік ретінде жасалып, келушілерге қазақ киносының тарихымен, «Қазақфильмнің» қызметімен және музей экспозицияларымен танысуға мүмкіндік бермек.

Саябақта мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізуге арналған алаңдар да қарастырылады. Болашақта мұнда отандық кинематографистер, мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Аида Балаева «Қазақфильмнің» қазіргі жағдайына қатысты бірқатар мәселені атап өтті. Министрдің айтуынша, ұлттық киностудия бір кезеңде банкроттыққа жеткізілу қаупінде болған.

«Өкінішке қарай, біз ұлттық киностудиямыздан айырылып қала жаздадық. Оны қолдан банкроттыққа жеткізуге тырысып, іс жүзінде қатардағы продюсерлік компаниямен теңестіріп қойған еді. “Қазақфильмді” сақтап қалу үшін заңнамалық деңгейде қолдау шаралары қабылданды. Соның ішінде киностудияны мемлекет тарапынан тікелей қаржыландыру да көзделген», - деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, келесі жылы киностудияның павильондарын жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.

«Қазақфильм» аумағын жаңғырту аясында ғимараттар мен инженерлік желілерді күрделі жөндеу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды Мәдениет және ақпарат министрлігі киностудиямен бірлесіп пысықтауда.

Қазіргі уақытта киностудия жеке продюсерлік компаниялармен ынтымақтастықты жалғастырып, өндірістік бөлімшелердің тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді.

Сонымен қатар реквизиттер мен жабдықтарды цифрландыру жобасы іске асырылуда. Соңғы 15 жылда алғаш рет демеушілік қаражат есебінен киностудия аумағында ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілген.