Ақтөбе облысында Kazenergy жеке кәсіпкерлігінің басшысы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырғаны үшін 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу дерегіне сәйкес сотталған адам аумағы 10 мың шаршы метр өндірістік базада қауіпті қалдықтарды заңсыз өңдеу және пеш отынын өндіру ісін ұйымдастырған.
Шикізат ретінде пайдаланылған майлар, мұнай шламдары және құрамында мұнай бар өзге де қалдықтар қолданылған. Олар нафтамен араластырылып, айналым әдісімен өңделген. Алайда кәсіпкерге қауіпті қалдықтарды өңдеуге, залалсыздандыруға және кәдеге жаратуға қажет лицензия мен экологиялық рұқсат берілмеген.
Нәтижесінде 11 миллион литрден аса пеш отыны сатылып, қылмыстық жолмен 778 миллион теңге табыс түскен. Сонымен қатар, сот оның мүлкін, соның ішінде өндірістік нысанын, көліктерін және банк шоттарындағы ақшасын тәркіледі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
ҚМА мәліметінше, өндірілген пеш отыны ұлттық сапа стандарттарына сай келмеген әрі құрамында зиян химиялық заттар болған. Мұндай отынды тұрмыстық және өнеркәсіптік қазандықтар мен пештерде жағу кезінде ауаға улы заттар тарауы ықтимал.