Құны 5 млн теңгеден асады: Алина Ри “Ғалам Аруы – 2026” сахнасына қандай ұлттық образбен шығады?

Құны 5 млн теңгеден асады: Алина Ри “Ғалам Аруы – 2026” сахнасына қандай ұлттық образбен шығады?

"Қазақстан Аруы – 2026" титулының иегері Алина Ри Пуэрто-Рикода өтетін "Ғалам Аруы – 2026" халықаралық байқауында ел намысын қорғайды. Алматыда өткен баспасөз мәслихатында оның дайындығы, әлеуметтік жобасы және құны 5 миллион теңгеден асатын ұлттық образы таныстырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстандық ару байқауда үздік 30 қатысушының қатарына енуді көздеп отыр. Осы мақсатта ол сахнада өзін таныстыру, ұлттық киім әзірлеу және инклюзияға арналған әлеуметтік жобаны жүзеге асыру бағыттары бойынша дайындалған.

Алина Ридің айтуынша, бұл байқау ол үшін Қазақстанды әлемге танытатын маңызды мүмкіндік.

"Мен осы байқаумен бір жыл бойы өмір сүріп келемін. Жақында “Ғалам Аруы” сахнасында Қазақстанның атынан шығатыныма әлі де сене алар емеспін. Мақсатым – елімізді лайықты таныстырып, баршамыз мақтан тұтатын нәтижеге қол жеткізу. Қазір әрбір қазақстандықтың қолдауы мен үшін ерекше маңызды", – деді ол.

Инклюзивті білімге арналған жоба

Байқауға дайындық аясында Алина Ри Алматыдағы Insight мектебімен бірлесіп қайырымдылық жобасын қолға алған. Бастама ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға және инклюзия мәселесіне қоғам назарын аударуға бағытталған.

Жобаның негізгі мақсаты – әр баланың ерекшелігіне құрметпен қарайтын, оның білім алып, дамуына және әлеуетін ашуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Алина Ри қоғамдағы танымалдығын әлеуметтік мәселелерді көтеруге және тең мүмкіндіктер қағидатын насихаттауға пайдаланғысы келетінін айтты.

Ұлттық образға 5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған

Баспасөз мәслихатында қазақстандық арудың халықаралық байқауда киетін ұлттық образы да көрсетілді. SV Muse брендімен бірлесіп жасалған костюмнің құны 5 миллион теңгеден асады, ал салмағы шамамен 30 келі.

Образдың басты ерекшелігі – арнайы механизмнің көмегімен сахнада ашылатын алып қанаттар. Киімнің көк және алтын түстері Қазақстанның ашық аспаны мен ұлттық мәдениетінің байлығын бейнелейді. Костюмнің пішіні мен сәндік бөлшектері арқылы қазақ халқының дәстүрі мен мәдени мұрасын көрсету көзделген.

Көрермендердің дауысы нәтижеге әсер етеді

Қазір MU Fan қосымшасында байқауға қатысушыларға дауыс беру жүріп жатыр. Ұйымдастырушылардың ережесіне сәйкес, дауыс беру қорытындысында алғашқы үш орынға шыққан арулар үздік 30 қатысушының қатарына автоматты түрде өтеді.

Баспасөз мәслихаты өтіп жатқан сәтте Алина Ри дауыс беру қорытындысы бойынша 12-орында тұрған. Оның үздік 30 қатысушының қатарына енуі қазақстандықтардың белсенділігіне тікелей байланысты болмақ.