Алматының қалалық сотында Тимур Құлыбаевтың активтеріне қатысты іс қаралып жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.aqsha-ға сілтеп.
Халықаралық тергеуші журналистер консорциумы (ICIJ) Құлыбаев туралы үлкен тергеу жариялаған.
Ондағы мәліметтер бойынша:
"2007 жылға қарай Құлыбаев ең бай адамдардың тізімінен бірақ шығып, Forbes миллиардерлерінің қатарына кірген. ICIJ тергеуі бойынша, Арвинд Тикудің (үндістандық миллиардер) көмегімен сатып алған Беркширдегі Саннингхилл паркіндегі жылжымайтын мүлік алған. Бұл сол жылы Құлыбаевтың Ұлыбританиядағы компаниялар желісі арқылы сатып алынған шамамен 184 миллион долларға бағаланған алты жылжымайтын мүліктің бірі. Олардың үшеуі Лондондағы элиталы аудан Мэйфэрде орналасқан", - делінген хабарламада.
Сол жылы Тимур Құлыбаев Кенсингтон ауданында құны 54,5 миллион доллар болатын тағы екі жылжымайтын мүлік сатып алған.
2007 жылы Caspian Cabals құжаттарына сәйкес, Құлыбаев пен оның серіктестері Багам аралдары мен Британдық Виргин аралдары сияқты өте құпия юрисдикцияларда тіркелген компаниялар арқылы жылжымайтын мүлік сатып алған.
Сондай-ақ Назарбаевтың күйеубаласы және оның серіктестері Ұлыбританияда, Нидерландыда, Испанияда, Люксембургте және басқа да Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік сатып алу және Құлыбаевтың корпоративтік активтерін басқару үшін компаниялар құрған.
Сонымен қатар, ICIJ зерттеулері бойынша, Chevron мен компания серіктестері Құлыбаевпен байланысты компаниялармен келісімшарттар жасасқан. Мысалы 2011 жылы "Каспий құбыр консорциумы" Құлыбаевтың «Steppe Capital» сингапурлық қоры арқылы бақылауында болған «КазСтройСервис» компаниясымен Қазақстанда екі сорғы стансасының құрылысына келісімшартқа қол қойған. Жобаның бастапқы құны 276,5 миллион долларды құрады, бірақ соңында құрылыстың аяқталу уақыты да созылып кеткен: жоба 2,5 жылдың орнына 6,5 жылда аяқталған.
"Жобалар кешіктіріліп жатқанда, Құлыбаев пен оның айналасындағылар сән-салтанатпен өмір сүруін жалғастырды. Мысалы, әйелі Динараның туған күнін тойлауға және Испаниядағы жазғы демалысқа шамамен 1,6 миллион доллар жұмсалған".
Еске салайық, бұған дейін Тимур Құлыбаевтың олигополия субъектілерінің құпия тізіміне енгізілгені туралы құжаттық дәлелдер табылғанын жазған едік.
Бұған дейін экс-президенттің күйеу баласына тиесілі түрлі активтердің ара-тұра тәркіленетінін ескерсек, бұрын бұл болжам ғана болатын.
Nege.Aqsha арнасының қолда бар құжаттарында заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның 2023 жылғы 13 қазандағы шешімімен Құлыбаев «Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы» Заңының субъектілерінің тізіліміне енгізілгені айтылады. 2023 жылдың желтоқсанында Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетінің талабы бойынша 2025 жылдың ақпанына дейін уақытша шаралар қолданылған.
Атап айтқанда, Құлыбаевқа, оның бақылауындағы «Қамқор Менеджмент» ЖШС-не, «Азаматтарға арналған үкімет» және «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» мемлекеттік мекемесіне кез келген нысанда иеліктен шығару әрекеттерін жасауға тыйым салынды. Бұған қарыздық және өзге де міндеттемелерді жасауға, мүлікке үшінші тұлғалардың кепілдігіне және өзге де құқықтарына ауыртпалық салуға және оларды сенімгерлік басқаруға беруге бағытталған мәмілелер, сондай-ақ «Теміржол жөндеу» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% үлесінен дивидендтер төлеу жатады. Сондай-ақ, 2024 жылдың 4 қаңтарында компанияның Астанадағы жылжымайтын мүлкіне, оның ішінде шеберханаларға, теміржолдарға, гараждарға, қоймаларға және жер телімдеріне тыйым салулар мен шектеулер енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, «Теміржол жөндеу» серіктестігі теміржол және автомобиль жолдарын салу және жөндеумен айналысады және «Қамқор Менеджмент» холдингінің құрамына кіреді.