"Құданың өзі үзіп тастады". Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі ел естімеген жайтты айтты

"Құданың өзі үзіп тастады". Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі ел естімеген жайтты айтты
Dalanews.kz коллажы

Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 2026 жылдың 2 маусымында өткен сот отырысында куәлерден жауап алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот залында қайтыс болған Қарабалиндер әулетінің жақындары мен сотталушы Сәрсемәлиевтің туыстары болды. Олардың арасында сотталушының әкесі Самиғолла Сәрсемәлиев те отырды.

Жергілікті тілші Жанат Молдашева сот залынан тікелей эфирге шығып, Самиғолла Сәрсемәлиевтен пікір алды. Ер адам болған жағдайға әлі де сене алмай жүргенін жеткізді.

Тілші одан: “Құдаларыңызбен 2022 жылдан бері араласпаған екенсіз. Екеуі ажырасқаннан кейін құдаларыңызды көрген жоқсыз ба?” – деп сұрады.

“Көрген жоқпын. Аралас-құралас болып, келіп-кетіп жүрді ғой. Ол жерде қатынасты құданың өзі үзіп тастады. Өзі келіп, қызымды бөлек шығарамын деді”, – деді Самиғолла Сәрсемәлиев.

Ол бұрынғы келіні Ақбаянға қатысты да пікір білдірді. Алайда оны жақсы немесе жаман келін деп бағалаудан бас тартты.

“Босанғаннан кейін ауырып жатты. Үйдің ішінде жүреді, тамағын ішеді, ұйықтайды, тұрады. Балаларымен қарым-қатынасы жоқ”, – деді ол.

Бұған дейін Қарабалиндердің туысы сотталушының отбасы көңіл айтып, кешірім сұрап бармағанын айтқан еді. Бұл сұраққа Самиғолла Сәрсемәлиев сол кезде істің мән-жайы толық белгілі болмағанын алға тартты.

“Сол кезде белгісіз болды, ұлым күдікті болды. Енді белгілі болып жатыр. Куә кісілер жауап беріп жатыр”, – деп жауап берді сотталушының әкесі.