Бүгін Мәжіліс дәлізінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров өзін қаумалаған журналистер сұрағына жауап берді. Соның бірі – украиналық дрондар шабуылдаған Каспий құбырлары концорсиумы (КҚК) желісіне қатысты болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шенеунік бұл ретте сөзге сараңдау болып шықты:
"Біз өз алаңдаушылығымызды Украина тарапына жеткіздік. Олар аталған мәселе жайынан қанық. Иә, аталған инфрақұрылымға шабуылдар жасалды, жалпы жағдай түсінікті. Алайда КҚК штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Біз өз мұнайымызды экспорттап жатырмыз. Егер тағы да осындай жағдай қайталанса, біз мәселені тағы көтереміз".
- Украина жауабы қандай болды?
- Біз олармен байланыстамыз. Рақмет. Келесі сұрақ...
Айта кетсек, жыл басынан бері КҚК жүйесіне кіретін бірнеше нысан шабуылға ұшырады.
Каспий құбыр желісі консорциумындағы үлестің 24%-ын Ресей бақылап отыр. Қазақстанның атынан "ҚазМұнайГаз" 19% акцияға ие. Сондай-ақ, консорциум құрамында америкалық Chevron Caspian Pipeline Consortium Company (15%) және Mobil Caspian Pipeline Company (7,5%) бар. Бұдан бөлек, ресейлік "Лукойл" 12,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited (Ресей мен Ұлыбритания) 7,5% акцияға ие.