ҚТЖ-ның қарызы 3,9 трлн теңге: экономист толық аудит талап етті

ҚТЖ-ның қарызы 3,9 трлн теңге: экономист толық аудит талап етті
ЖИ | Dala News

«Қазақстан темір жолының» қарызы 3,9 трлн теңгеге жетіп, компанияның HSBC алдындағы қарыз жүктемесі рұқсат етілген шектен асып кетті. Экономист Мақсат Халық бұл жағдайға байланысты ҚТЖ-ның қарызын толық аудиттен өткізу қажет екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

ҚТЖ-ның қарыздары жыл басынан бері 22%-ға өсіп, 3,9 трлн теңгеге жеткен. Компания алты айда 1,09 трлн теңге қарыз тартқан. Сонымен бірге оның қаржылық шығындары 38%-ға өсіп, 164,9 млрд теңгеге жеткен. Ал HSBC алдындағы қарыз жүктемесінің коэффициенті 1,18 болып, рұқсат етілген 1,15 шектен асып кеткен. Банк бұл талапты 2026 жылғы 30 қарашаға дейін бұзушылық ретінде есептемеуге келіскен. 

Экономистің айтуынша, ҚТЖ-ның қарызы бірнеше жылдан бері өзекті мәселе болып келеді. Оның пікірінше, мәселе тек бір компанияның қаржылық жағдайымен шектелмейді.

«ҚТЖ-ның қарызы ұзақ жылдан бері бар. Бұл мәселе 2024 жылы да көтерілген. Негізінде, “Самұрық-Қазына” құрамындағы қарызы ең көп компаниялардың бірі – ҚТЖ. Жалпы “ҚТЖ”, “ҚазМұнайГаз”, “Бәйтерек” сияқты холдингтер ең көп қарыздары бар болып есептеледі. Сондықтан бұл мәселе өте өзекті», – деді Мақсат Халық.

Экономист квазимемлекеттік сектордың жалпы қарызы да назар аударуды қажет ететінін атап өтті. Оның сөзінше, ел экономикасындағы квазимемлекеттік сектор қарызының үлесі шамамен 20%-ға жетеді. Ресми болжам бойынша, 2026 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарызы 37,7 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 20,5%-ын құрауы мүмкін. 

«Меніңше, осының ішінен үлкен аудит жүргізу керек. Қарыздар бойынша толық тексеру қажет. Өйткені қазір нақты көрсетіліп отырған қарыз көлемі бұдан да көп болып шығуы мүмкін», – деді ол.

Мақсат Халық қарыздың өзі әрдайым жаман құбылыс емес екенін атап өтті. Ең маңыздысы – алынған қаражаттың қайда жұмсалып жатқаны.

«Егер осы алынған қарыз инфрақұрылымды дамытуға, вагондарды жаңартуға, жалпы темір жолдың логистикасын жақсартуға және тасымал жылдамдығын арттыруға жұмсалса, онда ол өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Өйткені оның экономикаға әсері бар. Экономикаға оң әсер етсе, бұл жалпы қоғамға да тиімді болады», – деді экономист.

Алайда сарапшы қарыздың жаңа қарызды өтеуге жұмсалуы қауіпті екенін ескертті.

«Ал егер алынған қарыз анау бұрынғы қарыздарды өтеуге кетіп жатса, яғни қарызды қарызбен жабуға жұмсалса, әрине, бұл өте дұрыс емес», – деді Мақсат Халық.

Оның пікірінше, ҚТЖ-ның жағдайы нашарлап, компания банкроттыққа жақындаған жағдайда мәселе тек кәсіпорынның өзінде қалмайды. Себебі компанияның мемлекеттік қатысуы бар және оның сыртқы кредиторлары алдында міндеттемелері бар.

«Егер қарыз көбейіп, ертең компания банкроттық жағдайға жетсе, онда бұл қарыздардың бәрі шетелден алынғандықтан, мемлекет пен үкімет жауап беретін жағдай туындауы мүмкін. Яғни халықтың бюджетіне салмақ түседі», – деді экономист.

Ол мұндай сценарийдің мемлекеттік қаржы үшін қауіпті екенін айтты.

«Бұл жеке меншік компания емес. Мемлекеттің 50 пайыздан астам үлесі бар компания болғандықтан, оның проблемасы түптеп келгенде мемлекетке келіп тіреледі. Онсыз да бюджет тапшылығы бар кезде оған тағы үлкен салмақ түссе, оның салдары жақсы болмайды. Бұл мемлекетті одан да күрделі қаржылық жағдайға алып келуі мүмкін», – деді Мақсат Халық.

Айта кетейік, ҚТЖ-ның қаржылық тұрақтылығына қатысты мәселе бұған дейін де көтерілген. 2024 жылы Жоғары аудиторлық палата компанияның қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткенін айтып, оны дефолт қаупіне жақын деп бағалаған. Аудит қорытындысында қаржылық бұзушылықтар, тиімсіз жоспарлау және экономикалық шығындар да анықталған.