Геннадий Головкин жаңа халықаралық қызметке сайланды

Геннадий Головкин жаңа халықаралық қызметке сайланды
olympic.kz

Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин жаңа қызметке тағайындалды. Ол Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өткен ISSA ұйымының XV Бас ассамблеясы барысында өтті.

Нәтижесінде Геннадий Головкин 2026–2029 жылдарға арналған кезеңде Азия және Еуропа өңірлері бойынша вице-президент ретінде ұйымның Атқарушы комитетінің құрамына енді.

Ал ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының спорт министрі, елдің Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитетінің басшысы ханзада Абдулазиз бен Турки Әл-Фейсал қайта сайланды.

Головкин үшін бұл халықаралық спорт ұйымдарындағы қызметінің жаңа кезеңі саналады. Ол 2024 жылдың ақпан айынан бері Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетін басқарып келеді.

Сондай-ақ 2025 жылдың қараша айында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді. Осылайша ол олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияны басқарған алғашқы қазақстандық атанды.

Жаңа қызмет Головкиннің халықаралық спорт қауымдастығындағы ықпалын одан әрі күшейте түседі.