«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қарызы 3,9 трлн теңгеге жетіп, бірқатар несиелік көрсеткіштер бойынша белгіленген шектен асты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Компанияның қаржылық есебіне сәйкес, ҚТЖ-ның HSBC банкінен алған несиелері бойынша борыштық жүктеме коэффициенті 1,18-ге жеткен. Ал келісімшартта рұқсат етілген ең жоғары деңгей – 1,15. Алайда HSBC бұл көрсеткіштің уақытша артып кетуін несиелік міндеттемелерді бұзу ретінде есептемеуге келіскен. Банктің бұл шешімі 2026 жылғы 30 қарашаға дейін күшінде болады.
Жыл басынан бері ҚТЖ-ның несиелері мен шығарған облигацияларының жалпы көлемі 22%-ға өсіп, 3,9 трлн теңгені құраған. Алты ай ішінде компания 1,09 трлн теңге көлемінде қосымша қаржы тартқан.
Сонымен қатар қаржыландыруға жұмсалатын шығындар да айтарлықтай артқан. Биылғы алғашқы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 38%-ға өсіп, 164,9 млрд теңгеге жетті.
Есепті кезеңде компанияның таза пайдасы 191 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе көбейген. Дегенмен бұл өсімнің едәуір бөлігі теңге бағамының өзгеруінен қалыптасқан. Биыл ҚТЖ валюта бағамының ауытқуынан 99,7 млрд теңге көлемінде табыс тапса, өткен жылдың осы кезеңінде 77 млрд теңге шығынға ұшыраған болатын.
Қаржылық есепте компанияның қысқа мерзімді міндеттемелері айналымдағы активтерінен 923,2 млрд теңгеге артық екені көрсетілген. Сондай-ақ алдағы бір жыл ішінде ҚТЖ 562 млрд теңге көлеміндегі қарызын өтеуі тиіс.