Асланбек Шымбергенов бокстағы мансабын аяқтады

Асланбек Шымбергенов бокстағы мансабын аяқтады
Асланбек Шымбергенов. Фото: Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитеті

Бокстан 2023 жылғы әлем чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны Асланбек Шымбергенов спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы ол Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында айтқан.

Шымбергеновтің сөзінше, шаршы алаңға қайта оралу жоспары болған. Ол тіпті жаттығуға кірісіп көргенімен, кейін мансабын жалғастырмау туралы шешім қабылдаған.

"Бірақ, қолым жүрмеді. Сондықтан, кәсіби мансабымды аяқтаймын деп шештім. Бүгінде Жамбыл облысындағы кәсіби бокс клубында басшының орынбасары болып жұмыс істеп жүрмін", – деді ол.

Асланбек Шымбергенов 1993 жылғы 9 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетті.

Спортшы – Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2022 жылғы Азия чемпионы және 2023 жылғы әлем чемпионы. Сондай-ақ ол 2019 жылы әскерилер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған. Шымбергенов 2018 жылғы Азия ойындарында күміс, 2023 жылғы Азия ойындарында қола жүлде иеленді. Бұдан бөлек, ол 2024 жылғы Париж Олимпиадасына қатысты.