Қазақстанның екі ірі байланыс операторы соттасып жатыр

Қазақстанның екі ірі байланыс операторы соттасып жатыр
Фото: egemen.kz

Катарлық Power International Holding (PIH) холдингіне тиесілі "Мобайл Телеком-Сервис" компаниясы (Tele2 және Altel) Kcell-ден 27 млрд теңге өндіріп алуды талап етіп отыр. Ал Kcell қарсы талап қойып, шамамен 3 млрд теңге сұраған. Бұл туралы "Қазақтелекомның" қаржылай есебі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот дауы екі компания бұған дейін бірлесіп жүзеге асырған телекоммуникациялық инфрақұрылым салу жобасына қатысты. Аталған жоба "Мобайл Телеком-Сервис" компаниясы катарлық инвесторға сатылғанға дейін басталған.

2023–2024 жылдары Kcell 2022 жылы жүзеге аспай қалған жобаға байланысты "Мобайл Телеком-Сервистен" өтемақы мен айыппұл өндіріп алуға әрекет жасаған. Кейін, 2025 жылы тараптар өзара келісімге келіп, сол кездегі дауды реттеген.

Алайда 2026 жылдың ақпанында PIH бақылауына өткен "Мобайл Телеком-Сервис" Kcell-ге қарсы қайтадан сотқа жүгінді. Компания Kcell-ден 27 млрд теңге көлемінде айыппұл өндіріп алуды талап еткен.

Бұған жауап ретінде Kcell наурыз айында шамамен 3 млрд теңгеге қарсы талап арыз берген.

Қазіргі уақытта екі компания арасындағы сот процесі жалғасып жатыр. Тараптардың талаптары бойынша әзірге түпкілікті шешім шығарылған жоқ.

Айта кетейік, "Қазақтелеком" Tele2 және Altel брендтерін басқаратын "Мобайл Телеком-Сервис" компаниясын 2024 жылы катарлық Power International Holding холдингіне сатқан. Ал Kcell "Қазақтелеком" тобының құрамында қалды.