Осы жайтты ескеріп, еліміздегі басты тасымалдаушы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департаментінің мамандары көмір тасымалына қатысты арнайы брифинг ұйымдастырды. Онлайн брифингте «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары Қанат Көбесов алдағы жылыту маусымына көмір тасымалдау туралы айтып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жиын барысында сөз алған БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Қайсар Жұмабайұлы «Қазақстан темір жолы» компаниясы еліміз үшін өзекті мәселе көмір тасымалына баса көңіл бөлетінін атап өтті.
– Жыл сайын ҚТЖ жүйесі арқылы орташа есеппен 100 миллионнан астам тонна көмір тасымалданады. Оның 75 тоннаға жуығы ел ішінде, қалғаны экспортқа шығарылады.
ҚТЖ-ның вагондарына тасымалданатын көмір дер кезінде тиелсе, теміржолшылар оны діттеген жеріне дәл уақытында жеткізіп береді. Вагондар үлестіру тепе-теңдігі сақталып, көлік тапшылығы болмайды.
ҚТЖ бұл туралы жаз бойы айтып келе жатыр. Тасымалдау мәселелеріне қатысты арнайы штаб та құрылған болатын. Қазір көп нәрсе өңірлерге, көмір өндірушілерге байланысты. Жалпы, бұл мәселенің әлеуметтік маңызы зор екенін біздер көмір өндірушілерге ұдайы айтып, есіне салып келеміз, – деді Қайсар Жұмабайұлы.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары Қанат Көбесов ағымдағы жылдың 9 айында көмірді жалпы тиеу өткен жылмен салыстырғанда 4% өсіп, 76,6 млн тоннаны құрағанын алға тартты. Еліміздегі көмірді тұтынушылар үшін 53,5 млн тоннасы тасымалданса, бұл 2020 жылдың 9 айы деңгейінен 2%-ға жоғарлаған. Оның ішінде Қазақстанның негізгі ЖЭО-сына 47,4 млн тонна, ал тұрғындар үшін 6,1 млн тонна қатты отын тиеліп, тиісті жеріне жеткізілген.
– Бірінші кезекте, темір жол ЖЭО мен тұрғындар қажеттіліктерін толық көлемде жабады. Біздің жоспарымыздан сәл артта қалу себебі, Қазақстанның оңтүстік өңірлері көмірді жеткізуге енді өтінім бере бастағанымен байланысты болып тұр. Өйткені елдің оңтүстігінде салыстырмалы түрде жылы ауа райы байқалуда. Ал еліміздің солтүстік өңірлері коммуналдық-тұрмыстық көмірмен толық қамтамасыз етілген, – деді спикер.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында темір жол көлігімен 8,8 млн тонна тас көмір тасымалданса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 3,7%-ға жоғары. Оның ішінде ТМД елдеріне экспортқа 2,7 млн тонна қатты отын жеткізілсе, ел ішінде 6,1 млн тонна тасымалданған.
Дәл қазір жылу электр орталықтарына 5 млн тоннасы жеткізілген. Бұл 2020 жылдың қыркүйегіне қарағанда 8,5%-ға жоғары.
Ағымдағы жылдың 5 қазанындағы жағдай бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған 28 ЖЭО-да көмірдің нормативтік қоры қамтамасыз етілген.
– ЖЭО-ларға көмір тиеу жұмыстары тәулік бойы бақылап, айналма маршруттар ұйымдастырудамыз. Жүк вагондарымен қамтамасыз ету тиісті деңгейде жүргізілуде, – деді Қанат Көбесов.
Өз кезегінде Қанат Көбесов еліміз бойынша көмір тасымалдайтын ашық вагондар жеткілікті екенін де алға тартты.
– Жүк жөнелтушілер жартылай вагондарды жалдау бойынша шарттық жұмысты уақтылы жүргізіп, көмір тасымалдау маусымына күні бұрын кешікпей бастады. Бұл маңызды факт, оны атап өту керек, – деді спикер.
Қазақстан аумағында 64 мыңнан астам ашық вагон бар, олардың 55%-ы қатты отынды тасымалдауға тартылған. Оның ішінде 21 мыңнан астам ашық вагон «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілесі «Қазтеміртранс» компаниясына тиесілі екен. Бүгінде олардың 66%-ымен көмір тасымалдануда.
Брифинг барысында Қанат Көбесов көмір тасымалдау кезінде тарифінің өспегінін және бұл жағдай жыл соңына дейін сақталатынын атап өтті. Осы ретте көмір тасымалдау құны қара металдарды тасымалдау бағасынан бес есе, орман жүктерінен 2,5 есе төмен екенін айта кетуіміз керек.
Қанат Көбесов жүк жөнелтушілерді өз тұйықтарында көмір тиеу нормаларын сақтауға шақырды. Оның айтуынша, бұл шара «жоғалтылған пайданы» толтыруға мүмкіндік береді. Мысалы, «Востокугольпром» ЖШС кірме жолдарында көмір тиеудің қалыпты нормасы 15,6 сағат болғанда вагондар 18 сағат тұрып қалған. Осылайша орташа есеппен тәулігіне 18 вагон немесе 1260 тонна көмір тиелмей қалған. Ал «Шұбаркөл Көмір» АҚ бойынша көмір тиеудің қалыпты нормасы 24 сағат болса, іс барысында вагондар 36 сағат бойы көмір тиеуді күтіп, тәулігіне 68 вагон немесе 4760 тонна тиелмей қалған.
Жылыту маусымы қарсаңында дәстүр бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық аппаратында көмір тасымалдау жөніндегі жедел штаб, жол бөлімшелерінде – жедел топтар жұмысын жаздан бері қайта бастаған. Штаб отырыстары апта сайын көмір жөнелтушілердің қатысуымен өткізіліп келеді. Штаб вагон айналымын бақылап, вагондардың жүк операцияларында тұрып қалуын қысқарту жөніндегі шараларды қабылдайтынын айта кетуіміз керек.
Сонымен қатар, биылғы жылы жол бөлімшелерінде мониторингтік топтар құрылды, олар көмір тұйықтарының кірме жолдарында көмірдің болуы туралы ақпарат жинауды жүзеге асырады, проблемалық мәселелерді анықтайды және оларды бірлесіп шешуге күш салуда.