ҚҚС реформасының алғашқы нәтижесі қандай? Сарапшы түсіндірді

ҚҚС реформасының алғашқы нәтижесі қандай? Сарапшы түсіндірді
Фото: ЖИ

Қазақстанда қосылған құн салығының стандартты мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға көтерілгеніне сегіз ай өтті. Салық реформасының алғашқы нәтижелері бюджет көрсеткіштерінен байқала бастады. Алайда түсімнің артуын тек жаңа мөлшерлемемен байланыстыруға әлі ерте, дейді Qazaq Expert Club сарапшысы, салық кеңесшісі Раушан Тасшоинова, деп хабарлайды dalanews.kz.

2026 жылдың алғашқы жартысында бюджетке түскен ҚҚС көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,1 пайызға немесе 1,2 трлн теңгеге артқан. Ал трансферттерді есептемегендегі республикалық бюджет кірісі 24,6 пайызға өсіп, 8,5 трлн теңгеге жетті. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,7 трлн теңгеге көп.

Дегенмен қосымша түскен 1,2 трлн теңгені түгелдей ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуінен түскен кіріс деп бағалауға болмайды. Өйткені бірінші жартыжылдықтың статистикасында бұрынғы және жаңа мөлшерлемемен жасалған төлемдер қатар қамтылған. Бұған қоса, салық жүйесінің өзге де талаптары өзгерді.

"Қазір нақты қорытынды жасауға әлі ерте. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесімен бірге міндетті тіркеу шегі де өзгеріп, 10 мың АЕК болып белгіленді. Алғашқы жартыжылдықта ҚҚС төлеушілер саны 135,8 мыңнан 158,2 мыңға дейін өсті. Яғни олардың қатары 22 мыңнан астам субъектіге толықты", – деді Раушан Тасшоинова.

Сарапшы келтірген дерекке сәйкес, осы кезеңде электронды шот-фактуралар жүйесіндегі айналым да шамамен 12 пайызға немесе 10,8 трлн теңгеге көбейген.

Осылайша, ҚҚС түсімінің өсуіне мөлшерлеменің ұлғаюымен қатар тауарлар мен қызметтер айналымының артуы, салық төлеушілер санының көбеюі және әкімшілендіру тәртібінің өзгеруі әсер еткен.

"Қосымша 1,2 трлн теңгені әзірге ҚҚС түсімінің жалпы өсімі ретінде қарастырған дұрыс. Оны бюджетке тек мөлшерлемені көтерудің арқасында түскен қаражат деуге болмайды. Реформаның нәтижесін әділ бағалау үшін әр фактордың ықпалын жеке-жеке саралау қажет", – деп түсіндірді сарапшы.

Тасшоинованың айтуынша, салық реформасын жүргізудегі негізгі мақсаттардың бірі – бюджеттің дербес кіріс көздерін нығайтып, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерге тәуелділікті азайту.

Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі ұзақ жылдық үзілістен кейін алғаш рет көтерілді. 1995 жылы оның деңгейі 20 пайыз болған. Кейін біртіндеп төмендетіліп, 2009 жылы 12 пайызға дейін түсті. Бұл мөлшерлеме 17 жыл бойы өзгеріссіз сақталып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 16 пайыз болып белгіленді.

Сарапшы келтірген Халықаралық валюта қорының бағалауынша, ҚҚС-ты 16 пайызға дейін көтеру мемлекеттік кірісті жалпы ішкі өнімнің шамамен 1,5 пайызына тең көлемде арттыруы мүмкін.

ҚҚС мөлшерлемесін болашақта тағы көтеру мәселесі талқыланса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі орташа көрсеткіштің 19,3 пайыз болуы негізгі уәждердің біріне айналуы ықтимал. Алайда Раушан Тасшоинова мемлекеттерді тек салық мөлшерлемесі бойынша салыстыру дұрыс емес екенін атап өтті. Бюджет түсіміне салық базасының ауқымы, жеңілдіктер саны, экономиканың құрылымы және салықтық әкімшілендіру сапасы да тікелей ықпал етеді.

"Көршілес Өзбекстан басқа жолды таңдады. Онда ҚҚС мөлшерлемесі 2019 жылы 20 пайыздан 15 пайызға, ал 2023 жылдан бастап 12 пайызға дейін төмендетілді. Сонымен бірге әкімшілендіру тәртібі өзгеріп, салық базасы кеңейтілді. Халықаралық тәжірибе кірісті арттырудың жалғыз жолы мөлшерлемені көтеру емес екенін көрсетеді", – деді ол.

Сарапшының пікірінше, қазіргі 16 пайыздық мөлшерлемені 18 немесе 20 пайызға апаратын аралық кезең ретінде бағалау орынсыз. Алдымен қабылданған реформаның толық нәтижесін зерделеу қажет.

"Фискалдық әсер қазірдің өзінде байқалады. Ендігі басты мәселе – бұл нәтиженің қаншалықты тұрақты болатыны. Мемлекет үшін бір кезеңде көбірек кіріс алу ғана емес, салық жүктемесін үнемі арттырмай-ақ, салық базасын кеңейтіп, түсімдердің жиналу деңгейін көтеру маңызды", – деп қорытындылады Раушан Тасшоинова.