2027 жылы Құрылтайдың бір депутатына орта есеппен 155,3 млн теңге жұмсалмақ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметке сүйенсек, бұл - Құрылтай қызметін қамтамасыз етуге кететін барлық шығынды қамтитын шартты сома. Оған коммуналдық төлемдер, депутаттардың көмекшілеріне, кеңсе тауарларына, тұруына және басқа да қажеттіліктерге жұмсалатын қаржы кіреді.
2027 жылға республикалық бюджеттен Құрылтай қызметін қамтамасыз етуге 22,53 млрд теңге қарастырылған. 2028 жылы бұл сома 22,85 млрд теңге, ал 2029 жылы 22,79 млрд теңге болады деп жоспарланған.
Салыстырсақ, бұрынғы қос палаталы парламент жүйесіне 2026 жылы 31,96 млрд теңге бөлінген. Ол кезде Мәжілісте 98, Сенатта 50 депутат болған еді әрі екі палатаның жеке әкімшілік аппараттары жұмыс істеген болатын.
Ал Қазақстан Халық Кеңесін қамтамасыз етуге 1,76 млрд теңге ғана бөлінген.