Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі 2023 жылғы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстан трансшекаралық су мәселесі бойынша барлық көршілес мемлекетпен тиісті құқықтық негіз қалыптастырып, екіжақты комиссиялардың тұрақты жұмысын жолға қойған. Осы бағытта Өзбекстанмен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану жөніндегі келісімге қол қойылды.
Үкімет Сырдария бойындағы су қоймаларының жұмыс тәртібін көршілес елдермен келісу Солтүстік Аралға жіберілетін су көлемін тұрақты сақтауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Бұл шара су аз жылдары да теңізге қажетті ағынды жеткізуге ықпал еткен.
"Сырдариядағы су қоймаларының келісілген жұмыс режимі Солтүстік Арал теңізіне, тіпті су аз кезеңдерде де, тұрақты су ағынын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде теңіздегі су көлемі 2023 жылғы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін өсті", – делінген Үкімет хабарламасында.
Сондай-ақ кейінгі екі жылда Балқаш көліне шамамен 30 текше шақырым су құйылған. Соның арқасында көлдің су деңгейі тұрақтанған. Қазір Францияның даму агенттігінің қолдауымен Балқаш экожүйесін 2040 жылға дейін сақтауға арналған мастер-жоспар әзірленіп жатыр.
Бұған қоса, Қапшағай су қоймасы үшінші жыл қатарынан толық толған. Ал 2024–2025 жылдары Бұқтырма су қоймасына жалпы көлемі 58,6 млрд текше метр су келген. Бұл су қоймасын қайта толтырып, Ертіс өзенінің ағысын тұрақты реттеуге жағдай жасады.