2025 жылы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдермен тауар айналымы $72,6 млрд болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
2024 жылы бұл көрсеткіш $67,7 млрд болған. Қазақстанның ШЫҰ елдеріне экспорты $30,7 млрд, импорты $41,8 млрд құрады.
Қазақстанның ШЫҰ ішіндегі негізгі сауда серіктестері – Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан. 2025 жылы Қытаймен тауар айналымы $34,2 млрд, Ресеймен – $27,4 млрд, Өзбекстанмен – $4,8 млрд, Қырғызстанмен – $2,2 млрд болды.
Қазақстанның ШЫҰ елдеріне экспортындағы негізгі тауарлар қатарында уран, мыс кендері мен концентраттары, шикі мұнай, мыс және мыс катодтары, табиғи газ, бидай және ферроқорытпалар бар.
2025 жылы бірқатар ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты өсті. Атап айтқанда, мал азығы экспорты 2,5 есеге артып, $614,9 млн-ға жетті.
Күнбағыс майының экспорты 62,4%-ға өсіп, $633,7 млн болды. Бидай экспорты 17,1%-ға артып, $1,13 млрд-қа жетті. Сонымен қатар арпа экспорты 22%-ға, бидай ұны 11,8%-ға, зығыр тұқымының экспорты 72,9%-ға өсті.
Қазақстан ШЫҰ елдерінен негізінен жеңіл автомобильдер, автомобиль кузовтары, табиғи газ, мұнай өнімдері, алтын, есептеу машиналары, сондай-ақ автомобильдер мен тракторларға арналған қосалқы бөлшектер импорттайды.
Қазақстан экспортының негізгі құрылымында уран, мыс кендері мен концентраттары, мұнай, мыс, табиғи газ және бидай әлі де басым.
Сонымен қатар күнбағыс майы, мал азығы, ұн, арпа және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының өсуі қазақстандық тауарларға сыртқы нарықтарда сұраныс бар екенін көрсетіп отыр.