2026 жылдың сәуір-маусым айларында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңгеге жетті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға жоғары. Алайда инфляцияны есепке алғанда халықтың нақты жалақысы 1,8%-ға төмендеген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Екінші тоқсанда медианалық жалақы, яғни қызметкерлердің тең жартысы одан көп, қалған жартысы одан аз алатын көрсеткіш 348 415 теңгені құрады.
Биылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда орташа жалақы 5,4%-ға, ал оның нақты көлемі 3%-ға артқан.
Өңірлер арасында жалақының ең жоғары өсімі Ақмола облысында тіркеліп, 10,7%-ды құрады. Одан кейін Абай облысы – 10,6% және Алматы қаласы – 10,2%. Солтүстік Қазақстан облысында еңбекақы 9,5%-ға, Павлодар облысы мен Шымкент қаласында 9,4%-ға көбейген.
Салалар бойынша ең жоғары өсім ауыл, орман және балық шаруашылығында байқалды – 17,5%. Құрылыс саласында жалақы 16,9%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде 16%-ға көтерілген.
Өнеркәсіп қызметкерлерінің орташа айлық табысы 11,4%-ға өсті. Соның ішінде сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және жою саласындағы еңбекақы 14,7%-ға артқан. Электр энергиясы, газ, бу, ыстық су және ауа баптау қызметтерінде өсім 13,6%-ды құрады.
Ең төмен өсім білім беру саласында тіркелді – 3,2%. Өнер, ойын-сауық және демалыс саласында жалақы 3,4%-ға, ақпарат және байланыс саласында 3,8%-ға көбейген.
Елдегі ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру саласында сақталып отыр. Бұл сала мамандарының еңбекақысы республикалық орташа көрсеткіштен 2,3 есе жоғары. Тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді игеру саласында жалақы орташа деңгейден екі есе, ал ақпарат және байланыс саласында 1,7 есе көп.