Қостанайлық қоғам белсендісі Сергей Зинченко әлеуметтік желіде репост жасағаны үшін қамауға алынды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Белсенді 20 тәулікке қамауға алынған. Оған әлеуметтік желіде өзге адамның жариялаған суретін бөлісуі себеп болған.
Сергей Зинченко Қостанайда тұрғындарға қатысты проблемаларды жиі көтеріп жүреді. Ал жақында Зинченко "Вежливые люди" деген жазуы бар және қасында қарудың суреті тұрған автокөлікті парақшасында репост жасап, бөліскен.
Артынша автокөлік иесі белсендіні сотқа берген.
Адвокат Дамир Хамитов әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.
"Сот жала жапты деп айып тағып отыр. Егер жала жабу болса, онда Зинченко таратқан ақпаратта жалған немесе біреудің абыройына нұқсан келтіретін деректер болуы керек еді. Ал Зинченконың бұл әрекетінде автокөлік иесіне қатысты ешқандай жалған ақпарат жоқ. Репостта оның аты-жөні немесе суреті де тұрған жоқ. Тек өзі бөліскен сурет қана. Сот жала жабу дегенді қайдан алған?", - дейді Хамитов.
Адвокат Қостанай облыстық сотына бірінші сатыдағы соттың қаулысына апелляция шағымданатынын жеткізді.