Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде қорғаныс министрлігінің басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов бастаған Қазақстанның әскери делегациясы келіссөздер жүргізіп, қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындарының өнімдерімен танысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сапар аясында БАӘ вице-президент Мансур ибн Заид Әл Нахаянмен хаттамалық кездесу өтті. Онда қорғаныс саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды.
Сонымен қатар Армия үйінде генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министр Мұхаммед бен Мүбарак Фадель әл-Мазруи өзара мүдделі ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
БАӘ қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының қызметімен танысу мақсатында қазақстандық делегация Tawazun Industrial park индустриялық паркінде болды. Онда әскери мақсаттағы өнімдер шығаратын «Нимр», «Каракал», «Халкон» және «Адаси» компаниялары жұмыс істейді.
Әскери қызметшілер әскери техника мен қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеді. Олардың қатарына жауынгерлік сауытты машиналар, атыс қаруы, жоғары дәлдіктегі басқарылатын және түзетілетін авиациялық бомба, тікұшақ типті ұшқышсыз ұшу аппараттары және жоғары қашықтықтағы тосқауылдаушы оқ-дәрілер кіреді.
Бұл Қазақстан тарихындағы Қорғаныс министрінің Біріккен Араб Әмірліктеріне алғашқы ресми сапары екенін айта кету керек.