Әл-Фараби ауданының қылмыстық істер жөніндегі сотында 19 мамыр күні бұрынғы спорт және мәдениет вице-министрі Ерлан Қожағапановты 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Судья экс-шенеуніктің және оның отбасының мүлкі – элиталық жылжымайтын мүлік, көліктер, криптовалюта мен қаражаттан бұғатты алып тастады. Ал осы іс бойынша 5 жылға сотталған кәсіпкер Ләззат Көккөзованың активтері – жылжымайтын мүліктен бастап цифрлық валюталарға дейін – әлі күнге дейін бұғаттаулы. Сотталғандардың бұл істе қандай мүлкі бар екені анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ерлан Қожағапанов лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот нұсқасы бойынша, ол 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысқан өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру тендерін Success K компаниясына заңсыз алып берген. Нәтижесінде, Success K директоры Ләззат Көккөзова мемлекет бюджетінің 1 миллиард теңгеден астам қаражатын иемденген.
Ләззат Көккөзова аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мемлекетке келтірілген 1 миллиард 9 миллион теңге шығынды өтеу міндеті Ләззат Көккөзоваға жүктелді. Ерлан Қожағапанов бұл өтемнен босатылды, сондықтан оның мүлкіне салынған бұғат толықтай алынып тасталды. Бұғат алынған активтердің арасында: криптовалюта, 30 мың доллар қолма-қол ақша және үш гараж бар, дегенмен Қожағапанов отбасының нақты иелігіндегі активтер бұдан әлдеқайда көп.
Экс-вице-министр Ерлан Қожағапановқа не тиесілі?
CMN.kz мәліметінше, ресми түрде Ерлан Қожағапановқа арнайы крипто-әмияндардағы 0,17 биткоин, 1,9 Ethereum токені, 2,19 Liberty Token, Алматы қаласындағы үш гараж, шамамен 2 миллион теңгеден астам ақша мен қолма-қол 30 мың доллар тиесілі екені көрсетілген. Бұрынғы вице-министр үшін бұл өте қарапайым активтер сияқты көрінеді.
Судья экс-шенеуніктің мүлкін тізгеннен кейін, Омарова деген азаматшаның активтерін атады. Бұл азаматша – шамасы, Ерлан Қожағапановтың жұбайы немесе жақын туысы болуы мүмкін. Омарованың атына Алматыдағы элиталы аудандардың бірінде 14 сотық жер телімі мен ауданы 686 шаршы метр болатын үлкен зәулім үй тіркелген.
Бұл алып екі қабатты үй – Алматыдағы «Жайлау» гольф-клубының жанында бірыңғай стильде салынған 38 элиталық коттедждің бірі. Зәулім үйлер биік қоршаумен қоршалған жекеменшік аумақта орналасқан.
Жақын орналасқан үйлердің сатылымға қатысты жарнамаларында бұл мүлік «ғажайып вилла», «престижді ауданда орналасқан ерекше нысан» ретінде сипатталған.
«Жөндеу жұмыстары тек премиум-класс италиялық материалдармен, дизайнердің қатаң бақылауымен жасалған, бұл үйге ерекше стиль мен сәнділік береді», – деп көрсетілген хабарландыруларда.
Үйдің ішінде: қонақ бөлме, баққа шығатын асхана, балалар бөлмесі, SPA-аймағы, бассейн, гардероб бөлмелері және қоймалар бар.
Осы элиталы аудандағы мұндай үйдің нарықтағы құны – 2,89 миллиард теңге. Бұл қылмыстық іс бойынша мемлекетке келтірілген залал сомасынан үш есе көп.
Сондай-ақ, Омарованың атында ақ түсті Lexus RX500 (2020 жылы шыққан) көлігі тіркелген. Тағы бір көлік – Mercedes-Benz V250 (2018 жылы шыққан) Қожағапанова Ж. есімді тұлғаның – болжам бойынша, Ерлан Қожағапановтың қызы Жәмиләнің атына тіркелген.
Жәмилә Қожағапанованың атына Алматының орталығындағы элиталық «Сәлем» тұрғын үй кешенінде пәтер тіркелген. Қазір бұл тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің нарықтағы бағасы 200 миллион теңгеден басталады.
Ләззат Көккөзованың иелігінде не бар?
Ерлан Қожағапанов пен оның отбасы сот шешімімен мүліктерін толық қайтарып алған болса, Ләззат Көккөзова мен оның жақындары келтірілген шығынды өтегенге дейін мүліктерінің бұғаттан босатылуын күтуі тиіс немесе активтері қарызды жабу үшін тәркіленуі мүмкін.
«Арест қойылған мүлікті азаматтық талапты қанағаттандыру, материалдық залалды өтеу мақсатында сақтап қалу қажет», – деп судья шешімді оқыды.
Сотта белгілі болғандай, бизнесвуменнің иелігінде: 4,8 млн теңге мен 2800 доллар қолма-қол ақша және әртүрлі көлемдегі криптовалюталар бар: FDC (0,000090), USDE (0,0097), MBL (0,97), DTS (0,0033), VIN және ETH (әрқайсысы 0,0168), сондай-ақ басқа криптовалюталардың ірі көлемдері – шамамен 129,36 және 134,456 бірлік.
Бұл оның активтерінің бір бөлігі ғана. Ләззат Көккөзова Астанадағы «Көлсай» тұрғын үй кешенінде екі пәтер мен екі автотұрақ орнына ие. Қазір бұл тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер нарықта кемінде 45 миллион теңгеден сатылуда. Сонымен қатар бизнесвумен Алматы қаласы Әуезов ауданындағы «Достық» шағын ауданында жеке үйге иелік етеді.
Оның бизнес активтеріне Алматы облысында шаруа қожалығы және 2012 жылғы Toyota Land Cruiser Prado көлігі кіреді.
Ләззат Көккөзованың күйеуінің иелігіндегі отбасылық активтер де әсерлі: Қарағанды қаласында (Қазыбек би ауданы) екі жер телімі, өндірістік база, қосымша құрылыстар мен су ұңғымасы бар. Сондай-ақ Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында тағы бір жер телімі және Қарағанды облысы Топар ауылындағы демалыс аймағы бар. Көліктердің арасында – 2012 жылғы Toyota Camry автокөлігі тіркелген.
Ләззат Көккөзованың қызы Айымның активтеріне Астана қаласындағы жеке үй мен анасы сияқты сол тұрғын үй кешеніндегі пәтер кіреді. Оның меншігінде 2018 жылғы Toyota Hiace автокөлігі бар.
Сотта Ләззат Көккөзова өзінің қылмыстық қудалауға ұшырауын Ерлан Қожағапановпен байланыстырған болатын. Экс-шенеунік өз кезегінде кінәсін мойындамай, куәгерлерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан қысым жасалды деп мәлімдеген.
Прокурор сот жарыссөзінде Ерлан Қожағапановқа 7 жыл, ал Success K басшысы Көккөзоваға 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған еді.