Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол апатынан кейін қоғамда полиция жұмысына қатысты сын күшейгенімен, Ішкі істер министрлігі бұл айыптаулармен келіспейді, деп хабарлайды Dala News.
ІІМ өкілі Марат Көжаевтың айтуынша, полицияны әрекетсіз деп бағалау дұрыс емес.
«Полиция жұмыс істемейді деп айтуға болмайды. Статистикаға сүйенсек, жүргізушілердің 94%-дан астамы жол ережесін сақтайды. Тек 6%-ы ғана жүйелі түрде бұзады — қатты айдайды, жарысады», — деді ол.
Оның сөзінше, дәл осы қауіпті топқа қатысты жауапкершілікті күшейту қажет. Бұл ұсыныстар алдағы заңнамалық талқылауларға енгізілуі мүмкін.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сақтықпен қарауға шақырды.
«Алматыдағы оқиға бойынша желідегі ақпаратқа сене беруге болмайды. Тексеру жүріп жатыр. ІІМ барлық жағдайды тексеріп, заң аясында шара қабылдайды», — деді Көжаев.
Ол сондай-ақ полицияның мүмкіндігі шектеулі екенін жасырмады.
«Барлық жерге бірдей полиция қойып, бәрін бақылау мүмкін емес. Бірақ бұл — көз жұму деген сөз емес», — деп атап өтті ол.
Айта кетейік, бұған дейін қоғам белсенділері мен блогерлер әл-Фараби даңғылында заңсыз жарыстар жүйелі түрде өтетінін айтып, полицияны әрекетсіздікке айыптаған болатын. Тіпті кейбірі апатқа қатысы бар адамдар арасында құқық қорғау органдарының өкілдері болуы мүмкін деген күмән да білдірген.
Бұл мәлімдемелер қоғамда үлкен резонанс тудырып, жол қауіпсіздігі мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.
Көжаевтың айтуынша, мәселенің бір ұшы қоғамның өзінде де жатыр.
«Бірдеңе болғанда ғана шулаймыз. Бірақ құқық бұзушылық бұрыннан бар. Өзімізге де қарау керек», — деді ол.
Сонымен қатар, Президент жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидаты бұл бағыттағы негізгі бағдар болып қала бермек.
