Мәселен, 2021 жылдың қыркүйегіндегі мәліметтер бойынша, елімізде 249 осындай қоғамдық кеңес жұмыс істейді екен, оның ішінде жергілікті деңгейдегісі – 216.
Ал олардың жұмысы өз тиімділігін танытып жатыр ма?
Қалың бұқараның осындай қоғамдық кеңестерге тартылу деңгейі қандай? Бұл ретте Dalanews тілшісі сараптама агенттіктерінің, ресми органдардың зерттеулерін алға тартады.
Ал олардың қорытындысы, өкінішке қарай, аса көңіл көншітіп отырған жоқ.
Көптеген елде қалың бұқара қоғамдық институттардың дамыған жүйесі арқылы мемлекеттік басқару ісіне қатысады.
Қазақстанда бұл функцияны қоғамдық кеңес атқаратыны айтылады. Яғни, теориялық тұрғыдан азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын әрі биліктің барлық деңгейдегі қызметін бақылауға арналған консультативтік-кеңесуші орган.
– Мұндай құрылым мемлекеттік аппаратты басқарушы таптың мүдделеріне қызмет көрсететін тетікке айналдыруға мүмкіндік бермей, мемлекетті тұрақтылықпен қамтамасыз етуі тиіс. Бірақ, барлығымыз куә болып отырғанымыздай, іс жүзінде елімізде мүлдем басқа жағдай қалыптасқан, – дейді бұл ретте саясаттанушы Дәурен Сәкенұлы.
Finprom сарапшыларының зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда тек үш аймақта қоғамдық кеңестер туралы ақпараттан халықтың қанықтығы қанағаттанарлық деңгейде. Ал бұл бүкіл елдің 10 пайызын ғана құрайды.
Халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысу институттары туралы мәліметтен мақұрым өңір Қарағанды облысы болып шықты.
Мұнда сауалнамаға қатысқан респонденттердің 82%-ы қоғамдық кеңес жайынан мүлдем хабарсыз. Атырау және Қостанай облыстары да алысқа кете қоймапты, мұндағы респонденттердің 79,5% және 76,2%-ы "бұл қызмет туралы ештеңе білмеймін" деген жауап берген.
Ел дамуындағы басты қалалар – Астана мен Алматы да үмітті ақтамады. Қос астанада қоғамдық кеңестердің бары туралы сұралғандардың тең жартысы білмейтін болып шықты.
Қорытындылай келгенде, қазақстандықтардың санасында қоғамдық кеңестер туралы ұғым нық орнықпаған, бірақ факт бойынша олар елімізде қарқынды жұмыс істеп жатыр.
2021 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, бізде 249 қоғамдық кеңес жұмыс істепті, оның ішінде жергілікті деңгейдегісі – 216.
Жалпы, Қазақстанда қоғамдық кеңестер 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді, бірақ олар немен айналысатынын, бар-жоғынан көпшіліктің басым бөлігі біле бермейді.
Сондай-ақ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2021 жылғы ұлттық баяндамасында да қоғамдық кеңестердің тиімділігі төмен деп баға береді.
Осы жағынан алғанда, егер әкімдіктер халықты мемлекеттік басқару жүйесіне тарту бойынша өз көзқарасын өзгертпесе, Президент жақында жариялаған "Жаңа Әділетті Қазақстан" жобасы "Қазақстан – 2050" бағдарламасы секілді күй кешу тәуекелі жоғары. Бұдан шығатын қорытынды: бюджеттер игеріледі, "орталықтандырылған жоспарлы экономика" қалыптаспайды, сәйкесінше, әдеттегідей, шығындар халықтың мойнына артылуы мүмкін.