Астанада іске асырылып жатқан LRT жобасы қалалық көлік инфрақұрылымын дамытуға және жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға бағытталған заманауи жеңіл рельсті көлік жүйесі болады, деп хабарлайды dalanews.kz.
LRT жүйесі халықаралық қауіпсіздік, тұрақтылық және жайлылық стандарттарына сәйкес салынған. Жоба эстакадалық форматта жүзеге асырылды, яғни пойыздар автомобиль жолдары мен жаяу жүргіншілер ағынымен қиылыспай, толық оқшауланған бағытта қозғалады.
LRT желісінің жалпы ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Бағыт Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан басталып, Қабанбай батыр даңғылы, «Астана жұлдызы» стеласы, Mega Silk Way сауда орталығы, Ботаникалық бақ, Abu Dhabi Plaza кешені, Министрліктер үйі, Арыс көпірі, Қалдаяқов көшесі, Ұлттық музей және «Нұрлы жол» теміржол вокзалы арқылы өтеді.
Жүйенің жұмыс уақыты күн сайын сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін болады.
Жоба аясында Есіл өзені арқылы аспалы көпір де салынған. Көпірдің ұзындығы 155 метр, ені 14 метр, ал биіктігі 28 метрді құрайды. Арка түріндегі конструкция арнайы қатайтқыштармен жабдықталған.
LRT жүйесінде барлығы 18 станса болады. Оның 11-і жердегі станса, 7-і жер үсті стансасы ретінде салынған.
Жердегі стансалар қатарына Әуежай, Атамекен, Есіл, Мәңгілік Ел, Астана жұлдызы, Нұра, Университет, Ұлы Дала, Астана Арена, Жекпе-жек сарайы және Сығанақ кіреді.
Ал жер үсті стансалары Бәйтерек, Министрліктер үйі, Ұлттық музей, Театр, Мыңжылдық аллеясы, Жібек жолы және Нұрлы жол деп аталады.
Астана әкімдігінің қаулысына сәйкес барлық стансаға ресми нөмірлік атаулар да берілген. Мысалы, 101 — Әуежай, 112 — Бәйтерек, 118 — Нұрлы жол.
Барлық стансалар қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарына сай жабдықталған. Ішінде автоматтандырылған жүйелер, күту залдары, санитарлық тораптар, сауда аймақтары, эскалаторлар мен лифтілер қарастырылған. Мобильдігі төмен азаматтарға арналған арнайы жағдай жасалады.
LRT-де жабық төлем жүйесі енгізіледі. Жолаушылар платформаға тек жол ақысын төлегеннен кейін ғана кіре алады.
Төлем бірнеше тәсілмен жүзеге асырылады:
– FacePay арқылы бет биометриясымен;
– арнайы LRT көлік картасымен;
– Visa және MasterCard карталары арқылы;
– Apple Pay және Samsung Pay сервистерімен;
– HalykBank пен KaspiBank QR-кодтары арқылы;
– бір реттік билетпен.
LRT көлік картасының бағасы 1000 теңге, ал атаулы карта 1200 теңге тұрады.
7 мен 18 жас аралығындағы оқушыларға, сондай-ақ жеңілдік санатындағы Астана тұрғындарына жол жүру тегін болады.
Жүйеде жалпы саны 19 пойыз құрамы пайдаланылады. Оның 15-і тұрақты желіде, 4-еуі резервте тұрады.
Әр құрамның ұзындығы 60 метр, биіктігі 3,8 метр, ені 2,8 метр болады. Пойыздардың пайдалану жылдамдығы сағатына 60 шақырым, ал максималды жылдамдығы 80 шақырымға дейін жетеді.
LRT толық автоматты режимде, машиниссіз жұмыс істейді. Жүйе халықаралық GoA4 стандартымен жабдықталған. Бұл пойыздың үдеуі, тежеуі, есіктің ашылып-жабылуы, депоға кіруі және қозғалысты бақылау секілді барлық функциялар автоматты түрде орындалатынын білдіреді.
Төрт секциялы бір құрам толық жүктемеде 600-ден астам жолаушы тасымалдай алады.
Пойыздарда алюминий қорытпасынан жасалған бөлшектер, серпімді доңғалақтар, көп қабатты терезелер және жоғары берікті органосиликатты былғары орындықтар қолданылады.
Әр құрамда LCD мониторлар, сыртқы және ішкі таблолар, төтенше ақпарат жүйелері, дауыс зорайтқыштар, өрт сөндіргіштер және мүгедектер арбасына арналған арнайы орындар қарастырылған.
Орындықтар көк және қызғылт сары түсте жасалған. Дизайн ұлттық стиль элементтерімен безендірілген.
LRT пойыздары 750 вольттық байланыс рельстері арқылы жұмыс істейді. Бір құрам жүктемеге байланысты 750-ден 1000 В-қа дейін энергия тұтынады.
Платформаларда жолаушыларды рельске түсіп кетуден қорғайтын арнайы соққыға төзімді әйнек есіктер орнатылады. Олар пойыз есіктерімен синхронды түрде ашылады.
Платформаның ұзындығы 70 метр болады. Турникеттердің өткізу қабілеті сағатына 1200 адамға дейін жетсе, автоматтандырылған кассалар сағатына 300 адамға қызмет көрсете алады.
LRT жолдары халықаралық стандартқа сай 1435 мм жолтабанда салынған. Жүйеде жіксіз рельстер технологиясы қолданылған. Бұл қозғалыс кезіндегі шуды азайтып, жайлылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар DTVII2-1 инновациялық рельс бекіту жүйесі пайдаланылады. Ол шу деңгейін 5-10 дБ-ге дейін төмендетеді.
LRT депосы халықаралық әуежай маңындағы 16,84 гектар аумақта орналасқан. Депоның жалпы аумағы шамамен 80 мың шаршы метрді құрайды.
Кешенде вагон жуу ғимараттары, жөндеу аймақтары, қоймалар, арнайы техника және қызметкерлерді оқыту орталықтары болады.
Сондай-ақ депо аумағында Бірыңғай диспетчерлік орталық құрылған. Онда LRT қозғалысын бақылау, жол қозғалысын басқару, интеллектуалды көлік жүйелері және қоғамдық көлікті мониторингтеу жүйелері орналасады.
LRT қызметкерлерінің формасы арнайы дизайн-кодпен әзірленген. Киім үлгілерінде ұлттық ою-өрнектер қолданылып, ашық көк, сұр және қою көк түстер пайдаланылған.
Аудиоақпараттандыру қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Хабарландыруларды қазақстандық әнші әрі композитор Карина Абдуллина дыбыстаған.
LRT жүйесінде қауіпсіздікке ерекше назар аударылған. Барлық желі бойында бейнебақылау орнатылады. Сонымен қатар төмен температурада жұмыс істеуге арналған арнайы технологиялар енгізілген.
Жоба халықаралық GB 14892-2006 және GB 7928-2003 стандарттарына сәйкес салынған. Ішкі шу деңгейі 75 дБА-дан, ал сыртқы шу 80 дБА-дан аспайды.