Қаржы мониторингі агенттігі қазақстандықтардың тәркіленген активтерін сақтауға арналған криптоәмиян ашты. Бұл туралы аталған агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс отырысында депутат Олжас Құспеков 2024 жылы Қаржылық мониторингі агенттігі жалпы айналымы 60 млрд теңгені құрайтын 36 заңсыз крипто алмастыру орнының көзін жойғанын еске салды. Сол кезде 2,5 млрд теңгенің активтері бұғатталып, тәркіленген. Депутат бұл ретте мемлекеттік механизмнің жоқтығын еске сала отырып, агенттік тәркіленген криптоактивтерді қалай сақтайтынын сұрады.
"Біздің тәжірибеміз бар. Біз оны Беларусь елі үлгісінен алдық. Агенттіктің Binance биржасында крипто әмияны бар. Тиісінше, цифрлық активтер түрінде қандай да бір заңсыз қылмыстық кірістер анықталған кезде, біз оларды агенттіктің әмиянына аударатындай мүмкіндігіміз бар. Сот үкімінен кейін, егер олар тәркіленуге жатса, мемлекет кірісіне өтетін болады", - деді Елемесов.
Оның айтуынша, агенттік қаржы пирамидасы бойынша цифрлық активтерді бұғаттаған. Бұл ретте күдіктілердің қаражаты шетелдік биржада жатқан. Агенттік бұл заңсыз қаражатты Қазақстанға қайтара алған. Қазір зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу рәсімі жүріп жатыр.
Бұған дейін сайтымызда "Мәжіліс депутаты Ұлттық банк жанынан криптовалюталарды сақтайтын мемлекеттік резерв құруды ұсынды" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ біздің сайтымыздан "1,5 млн қазақстандық криптовалютаның көлеңкелі нарығында жүр. Ұлттық банк не ұсынады" деген материалмен де таныса отырыңыздар.