Қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған Алагөзовтің қандай кәсіптері бар?

Көркем Алдабергенова 13 мау. 2025 14:33

Биыл кәсіпкер Төрсенғали Алагөзов Қазақстандағы ең ауқатты адамдардың қатарына енді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Forbes

Forbes мәліметінше, 1990-жылдардың соңында алкогольсіз сусындар өндіретін ірі кәсіпорындардың бірін құрған 55 жастағы кәсіпкердің байлығы 130 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл тізімде ол – жаңадан енген қатысушы және 61-орынға жайғасқан. Telegram-арна Shishkin_like мәліметінше, бір жыл ішінде ол екі ірі актив сатып алған – Шымкент сыра зауыты мен JFood Kazakhstan компаниясы.

«Galanz Bottlers» АҚ

Салықтар: 2015 жылдан бері 29,4 млрд теңге. Ақпарат көздері бұл компанияны Алагөзовтің басты активі деп атайды. Кәсіпорын 1998 жылы құрылған. 2023 жылы «Galanz Bottlers» табысы 58 млрд теңгені құрады. Оның 4 өндірістік алаңы мен 6 құю желісі бар. Компания айына 26,8 млн литр сусын өндіре алады, өнім ассортименті – 27 атаудан тұрады.

Айта кету керек, Төрсенғали Алагөзов – компанияның жалғыз құрылтайшысы емес. 2023 жылдың қарашасынан бастап құрылтайшылар тізімінде кәсіпорын директоры Ихтияр Заурбеков те бар. Сондай-ақ, құжаттарда «Galanz» өндірістік компаниясы» ЖШС туралы мәліметтер бар, ол ресми түрде жүк көлігі мен теміржол тасымалы қызметімен айналысады. Оның иесі де – Алагөзов. 2015 жылдан бері компания мемлекеттік кіріс органдарына шамамен 13,7 млн теңге аударған.

«JFood Kazakhstan» ЖШС

Салықтар: 2015 жылдан бері шамамен 8 млрд теңге. Салалық бірлестіктерді есепке алмағанда, еншілес кәсіпорындардың бір жылдағы аударымдары – 1,3 млрд теңгеден асады. Алагөзов бұл компанияны 2024 жылдың ақпанында Ғалымжан Есеновтен сатып алған.

Компания құрылымы – бірнеше ұйымнан тұратын топ. Оған бас кәсіпорыннан бөлек, ұн және макарон өнімдерін өндірумен, көтерме және бөлшек саудамен, дистрибуциямен, астық сақтаумен және жылжымайтын мүлікті жалға беру әрі басқарумен айналысатын 5 еншілес ұйым кіреді.

Бас кәсіпорын мен оның еншілес кәсіпорындары әр жылдары мемлекеттік сатып алулар бойынша жалпы сомасы 182,2 млн теңгеге келісімшарттар жасаған. Айта кетейік, Алагөзов бұл ЖШС-ны жеке өзі де, «Galanz Bottlers» АҚ арқылы да иеленіп отыр.

«Шымкент сыра зауыты» ЖШС

Салықтар: 2016 жылдан бері 15,9 млрд теңге. Актив Алагөзовтің иелігіне 2023 жылдың мамырында өткен. 2021 жылдан 2024 жылға дейін зауыт Тимур Жанабаевтың меншігінде болған. Еске салайық, бұл кәсіпорын – кезінде Тоқтар Төлешовке тиесілі болған «Шымкентпиво» ЖШС-нің құқықтық мұрагері. Алагөзов бұл зауытты журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында сатып алу құнын 8 млрд теңге деп атаған. Зауыт 1976 жылы құрылған. Оны сатып алғаннан кейін кәсіпкер бұл нысанға 40 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған (Forbes.kz).

«Феникс компани» ЖШС

Салықтар: 2015 жылдан бері 6,7 млрд теңге. ЖШС 2013 жылы тіркелген, азық-түлік, сусын және темекі бұйымдарын көтерме саудада сатумен айналысады. Алагөзов компанияны 2023 жылдың сәуірінде иеленген.

«Adal Su» ЖШС

Салықтар: 2015 жылдан бері 128 млн теңге. Құжаттар бойынша, компания 2022 жылдан бастап Алматыдағы Алтай-2 ықшамауданындағы жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады (бұл нысан «Galanz Bottlers» АҚ ғимараттарының бірі болуы мүмкін). Алагөзовтің бұл жобадағы серіктесі – кәсіпкер Тлеукабыл Абдулин.

Алагөзовтің басқа компаниялары

«Chemolgan Food Station» ЖШС – баспа өндірісінің кейбір түрлерімен айналысады. Бұған дейін – жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысқан. Қазір кәсіпорынның жалғыз құрылтайшысы – Алагөзов. 2010–2014 жылдары серіктесі Тлеукабыл Абдулин болған. Компания соңғы 10 жылда салықты өте тұрақсыз төлеген. Негізгі бөлігі 2024–2025 жылдары төленген. 2015 жылдан бері жалпы төлем – 246,6 млн теңге.

«Арбаша» ЖШС – жүк көлігі тасымалымен айналысады. Төрсенғали Алагөзов компанияның құрылтайшысы ретінде 2023 жылдың желтоқсанында тіркелген. Бұрынғы иесі – оның ағасы Асқар Алагөзов. Бұл компания да негізгі салық төлемдерін 2024–2025 жылдары жасаған – шамамен 3 млрд теңге. 2015 жылдан бері барлығы – 4,4 млрд теңге төленген.

«Mercury.kz» ЖШС – әртүрлі тауарларды көтерме сатумен айналысады. Төрсенғали мен Баян Алагөзовтер бұл компанияны 2023 жылдың тамызынан бастап бірлесіп иеленіп отыр. Бұған дейін құрылтайшылар қатарында Светлана мен Жания Дәулетәлі болған. 2018 жылдан бері салық көлемі – 57,3 млн теңге.

«Северное сияние ЛТД» ЖШС – тұрмыстық тоңазытқыштар мен мұздатқыштар шығарады және дүкеннен тыс бөлшек саудамен айналысады (Adata.kz). Қазіргі уақытта Алагөзов – жалғыз құрылтайшы. Бұған дейін компания иелерінің қатарында бұрынғы директор Николай Ким болған. Салықтар: 2015 жылдан бері – 162,7 млн теңге. Бірақ 2018–2022 жылдар аралығында төлемдер жасалмаған.

Бұған дейін Төрсенғали Алагөзовтің бұрынғы жары кәсіпкердің «Galanz Bottlers» компаниясымен байланысты оқиғаға қатысты өз көзқарасын білдіріп, тұрғын үй таратуға қатысты қайырымдылық акциясы жөнінде де пікір айтқан болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар