Азамат Қалдыбеков басқа жұмысқа ауысуына байланысты Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, ол бұл қызметтегі жұмысын 29 қазанда аяқтаған. Қалдыбеков ішкі саясат, мәдениет, спорт, білім, жастар саясаты және дін мәселелеріне жетекшілік еткен.
Оның орнына бұған дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімін басқарған Абзал Нүкенов тағайындалды.
Алматы әкімдігіндегі сенімді дереккөздің хабарлауынша, Азамат Қалдыбеков Бостандық ауданының әкімі болып тағайындалуы мүмкін.
Еске салайық, Азамат Қалдыбеков 2024 жылдың шілде айынан бері Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Бұған дейін, 2020 жылдың қаңтарынан бастап мегаполистің Алатау ауданының әкімі болған.
Азамат Қалдыбеков 1984 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «халықаралық құқық» мамандығы бойынша тәмамдаған. «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы Дьюк университетінде құқық магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотында жетекші маман қызметінен бастаған. Әр жылдары ҚР Ұлттық банкінде, «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында еңбек еткен.
2018 жылы Алматы қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы қызметін атқарды. Сол жылы шілдеден 2019 жылдың наурызына дейін Жетісу ауданы әкімінің аппаратының басшысы болды. 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервіне енген.